Қарағанды облысында алюминий кластері қалыптасып жатыр

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағанды облысында жаңа өнеркәсіптік бағыт — алюминий және одан дайын өнім өндіру ісі қолға алынуда. Кәсіпорындарды, ғылым мен жоғары оқу орындарын біріктіретін алюминий кластері оның өзегіне айналады. Бұл технологияларды жедел енгізуге және білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Негізгі жоба — «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан Silumin of Qazaqstan алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын зауыты. Кәсіпорын толық өндірістік цикл бойынша жұмыс істеуге бағытталған: алюминий сынықтарын қайта өңдеуден бастап профильдер, кабельдер, тұрмыстық бұйымдар, ыдыс-аяқ пен жарық техникасын өндіруге дейін.

Экологиялық таза decoating технологиясы зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді, ал қайталама шикізатты пайдалану қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетіп, қалдық көлемін қысқартады.

Кәсіпорын технологиялары Италия мен Германияның салалық институттарының қатысуымен әзірленген. Бұл өндірістің жоғары тиімділігі мен өнім сапасын қамтамасыз етеді.

— Кәсіпорын ретінде біз шикізат базасын қалыптастырып жатырмыз: алюминий сынықтарының қатты және жұмсақ фракцияларын қоса алғанда, әртүрлі түрлерін қайта өңдеп, түрлі сериядағы қорытпаларды аламыз. Ғылыми ұйымдармен бірігу бізге қажетті құзыреттерді береді. Республикада бұл бағыт әлі де жеткілікті деңгейде дамымағандықтан, біз университеттерді тартудамыз. Қазақстанда энергетикалық ресурстарға, шикізат пен инфрақұрылымға қолжетімділік бар, алайда одан әрі даму үшін технологиялық білімді арттырып, өнімнің қосылған құнын көбейту маңызды, — дейді Silumin of Qazaqstan зауытының жетекшісі Нұрсұлтан Жұмабек.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жабдықтарды іске қосу және баптау кезеңі жүріп жатыр. Алғашқы сынамалық құю жүзеге асырылды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 5,5 миллион радиатор секциясын шығаруға есептелген.

Кластер өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті негізінде және Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ жанындағы «КарТех» жобасы аясында құрылып жатыр. Университет кәсіпорынның негізгі серіктестерінің біріне айналмақ.

— Біз кәсіпорын үшін технологиялық шешімдерді әзірлеп, жетілдіреміз, өнімнің механикалық қасиеттеріне зерттеу жүргіземіз және шетелдік технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеуге көмектесеміз. Сонымен қатар шикізат базасын іздеу және талдау жұмыстарымен айналысамыз. Өнім сапасын арттыруға бағытталған ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Қазірдің өзінде жоғары оқу орнының түлектері кәсіпорында еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта бұл ынтымақтастық түсті металлургия саласын дамытуға басымдық бере отырып кеңейтіледі.

Алғашқы кезеңде 250-ге дейін жұмыс орны ашылады, ал болашақта олардың саны 750-ге дейін жеткізілмек.