Қазақстанда бірінші сыныпқа қабылдау тәртібі өзгертілді: қабылдау науқанының басталу мерзімі 1 сәуірден 27 мамырға ауыстырылды. Сондай-ақ цифрлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін өтініш қабылдаудың өңірлік кестесі енгізілді. Қарағанды облысында құжат қабылдау 29 маусым мен 31 тамыз аралығында (жұмыс күндері) жүргізіледі.
Қандай құжаттар қажет
Қазақстан азаматтары үшін:
- ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші;
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- медициналық құжаттар (денсаулық паспорты 026/у-3 нысаны және екпе картасы 065/у);
- 3×4 см өлшеміндегі екі фотосурет.
Мектепалды даярлықтан өтіп, сол мектепте қалатын балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Бұл рәсімді айтарлықтай жеңілдетеді: құжаттардың толық пакетін қайта жинаудың қажеті жоқ. Дегенмен ата-аналар басқа мектепті таңдауға құқылы — мұндай жағдайда құжаттар жалпы тәртіппен тапсырылады.
Шетел азаматтары үшін:
Оларға да негізгі талаптар бірдей, алайда ата-аналарда Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат болуы тиіс.
- өтініш;
- туу туралы куәліктің көшірмесі;
- денсаулық жағдайы туралы анықтама;
- 3×4 см өлшеміндегі екі фотосурет;
- Қазақстан аумағында заңды тұруды растайтын құжат (ықтиярхат, уақытша тұруға рұқсат, босқын немесе қандас куәлігі және т.б.);
- жеке басын куәландыратын құжат және көші-қон картасы.
Шетелден келген балаларды мектепке қабылдау олардың білім деңгейін ескере отырып жүзеге асырылады. Қажетті құжаттар болмаған жағдайда шешімді арнайы комиссия қабылдайды.
Сұрақтар бойынша (8-7212) 50-45-25 нөміріне хабарласуға болады.