Қарағанды облысында биыл республикалық маңызы бар жолдардың 280 шақырымнан астамы жөнделеді

gov.kz

Қарағанды облысында Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау жоспарланған. 

Аталған жолдың құрылысын қаржыландыру туралы келісім Вашингтонда қол қойылды. Жоба толықтай 2026–2029 жылдар аралығында іске асырылады.

Қазіргі уақытта Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті тасжолында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта толық жаңғырту мүмкін болмағандықтан, жұмыстар жаңа жол құрылысы басталғанға дейін ең проблемалы учаскелерге шоғырландырылған. Облыс аумағында бұл — Топар кентінен Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 122 шақырым. Алдағы уақытта қолданыстағы жолдың жанынан жаңа екі жолақты трасса салынып, содан кейін қазіргі жолды реконструкциялау басталады.

Биыл орташа жөндеу аясында облыста республикалық трассалардың 282 шақырымын жаңарту жоспарланған. Алғашқы жұмыстар да басталып кетті — Қарағандыдан Ақтас бағытына шығатын жолда теміржол өткелі орналасқан проблемалы учаскеге асфальт төселді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Еркіннің айтуынша, бағдарлама тоғыз учаскеге бөлінген, оның төртеуі бойынша келісімшарттар жасалған.

Жөнделетін нысандар қатарында Ақшатау – Ағадырь – Ортау автожолы (95–129 км өтпелі учаске), Қызылорда – Қарағанды – Шідерті трассасының Молодёжный кенті бағыты, сондай-ақ Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз жолының Қарқаралыдан Бүркіттіге дейінгі бөлігі бар. Көптеген жобалар екі жылға есептелген.

Қалған бес учаске бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Жоспарда — Ақмешіттен Баянауыл бағыты арқылы Үміткерге дейінгі, сондай-ақ Бүркіттіден Егіндібұлаққа дейінгі жолдарды жөндеу. Сонымен қатар Астана – Қарағанды – Алматы ақылы трассасында көпірлер мен су өткізу құрылыстарындағы шөгулерді жою жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, биыл Шілі және Шат өзендері арқылы өтетін екі көпірге, сондай-ақ Молодёжный кенті бағытына апаратын жол өтпесіне күрделі жөндеу жасау жоспарланған.

Сондай-ақ Ақшатау – Ағадырь – Ортау автожолының Ақшатаудан Ағадырьге дейінгі учаскесін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Мамандардың айтуынша, ауыр жүк көліктерінің жоғары жүктемесіне байланысты жолдың негізін күшейту, жабындысын жаңарту және автоматтандырылған өлшеу жүйелерін енгізу қажет.

Барлық кезеңде сапа бақылауы міндетті түрде қамтамасыз етіледі: техникалық қадағалау және Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталық қолданылатын материалдар мен дайын жол жабынын тексереді.