Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлік дамып келеді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлік бизнестің орнықты бағыттарының біріне айналды. Бүгінде өңірде осы салада 56 нысан жұмыс істеп, 372 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар қызметтер көрсетіп қана қоймай, халықтың осал санаттарына жататын азаматтар үшін жұмыс орындарын ашуда.

Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлер түрлі салаларда қызмет етеді. Олар психологиялық-педагогикалық және медициналық қызметтер көрсетіп, білім беру саласында жұмыс істейді, сондай-ақ өндіріс пен сауданы дамытып келеді.

Маңызды бағыттардың бірі – жұмысқа орналаса алмай жүрген азаматтарды жұмыспен қамту. Осы санат бойынша өңірде 12 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда әлеуметтік осал топтардың 52 өкілі, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлер еңбек етеді, деп хабарлады Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Мәселен, «AR&GOLD» ЖШС-де мүгедектігі бар 18 адам жұмыс істейді. Ал «Граффити-Қарағанды» ЖШС екі зейнеткер мен мүгедектігі бар екі азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Мұндай бағытты дамытуға мемлекет те қолдау көрсетуде. Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бесеуі грант алды. «Граффити-Қарағанды» компаниясы құрылыс материалдары саудасын кеңейту үшін жеңілдетілген несие беру бағдарламасын пайдаланды.

Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдауға бағытталған, олар үшін жұмыс орындарын ашатын, тауар өндіретін немесе қызмет көрсететін, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар, білім беру және мәдени-ағартушылық жобаларды іске асыратын кәсіпкерлер ала алады. Олар үшін арнайы қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар, үй-жайларды жеңілдікті шарттармен ұсыну және жеңілдетілген несие беру бағдарламалары қарастырылған.

Өтінімдерді қабылдаудың жаңа кезеңі 1–15 қыркүйек аралығында өтеді. Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу үшін құжаттарды Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, Әлиханова көшесі, 13, 310-кабинет мекенжайы бойынша немесе жеке кәсіпкер не заңды тұлға тіркелген жердегі қалалар мен аудандардың кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдеріне тапсыруға болады.

Қосымша ақпаратты (8-7212) 50-38-76 телефоны арқылы алуға болады.