BANNER

Қарағанды облысында туристік мүмкіндіктердің бірыңғай картасы әзірленбек

Фото: Life09

Қарағанды облысында өңірдің туристік әлеуетін жүйелеп, бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай туристік мүмкіндіктер картасын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл бастама туризм басқармасы өкілдерінің гидтермен өткен жұмыс кездесуінде негізгі талқылау тақырыптарының бірі болды.

Кездесу ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Сала өкілдері гидтің бірыңғай өңірлік бейджін енгізу бастамасын талқылады. Бұл — кәсіби сәйкестендіру құралы ғана емес, туристер үшін қосымша сапа кепілдігінің белгісі болмақ. Мұндай шешім қызмет көрсету стандарттарын біріздендіруге және гид мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ туристік қызметті реттейтін заңнамаға енгізілген өзгерістерге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жаңарып жатқан нормативтік-құқықтық база жағдайында бұл мәселелердің өзектілігі айрықша. Қатысушылар жаңа талаптарды тәжірибеде қолдану тетіктерін талқылап, туындауы мүмкін сұрақтарды ортаға салды.

Жүйелі коммуникацияны қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта мұражайлардың, ұлттық парктердің, аудан әкімдіктерінің және қонақүй бизнесінің өкілдерімен нысаналы кездесулер өткізу көзделіп отыр. Гидтер мұндай кездесулерді тұрақты форматқа айналдыруды ұсынды. Бұл тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға және жаңа туристік маршруттарды үйлесімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бастамалардың бірі — өңірдің бірыңғай оқиғалар күнтізбесін қалыптастыру. Оған барлық аудандарда өтетін маңызды мәдени, танымдық және туристік іс-шаралар, сондай-ақ экскурсиялық бағдарламалар енгізіледі. Оның ішінде дәстүрлі емес форматтар — мысалы, кітапханаларға арналған экскурсиялар да бар. Мұндай күнтізбе гидтерге облыстың туристік өмірін кешенді түрде көруге және қонақтарға мазмұнды, жан-жақты ойластырылған маршруттар ұсынуға жол ашады.

Сонымен қатар кәсіби қауымдастық өкілдері қонақүйлердің, қоғамдық тамақтану орындарының және ұлттық парктердің басшыларымен тікелей байланыс орнату қажеттігін атап өтті. Туристік топтарды қабылдауға дайын нысандарды, орналастыру мүмкіндіктерін, ұсынылатын қызметтер спектрін және жергілікті асхананың ерекшеліктерін нақты білу — сапалы туристік өнім қалыптастырудың басты алғышарты.

Туристік мүмкіндіктердің бірыңғай картасын әзірлеу — жекелеген жоба ғана емес, бұл саланың барлық қатысушыларының күш-жігерін біріктіруге бағытталған стратегиялық қадам. Оның басты мақсаты — Қарағанды өңірінің алуан түрлі туристік әлеуетін толық ашып, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру.
 

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі