Қарағанды облысының Узенка кентінде электр желілері жаңғыртылып жатыр

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды облысының Узенка кентінде электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Энергетиктер жоғары кернеулі кабельдік желілерді тартып, сегіз жаңа трансформаторлық қосалқы станция орнатты. Жаңғырту жұмыстары электр қуатының жиі үзілуі мен кернеудің төмен болуы мәселесін шешуге бағытталған.

Жұмыстарды «Қарағанды Жарық» компаниясы жүргізіп жатыр. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның мәліметінше, соңғы жылдары кент тұрғындары инфрақұрылымның жағдайына бірнеше рет шағымданған. Негізгі мәселелер – кернеудің төмендігі, электр энергиясының жиі үзілуі және желілердің тозу деңгейінің жоғары болуы. Электрмен жабдықтау сапасын жақсарту жөнінде көптеген өтініштер түскен.

Осыған байланысты ауқымды реконструкция жүргізу туралы шешім қабылданды. Жұмыстар 2025 жылдың шілде айында басталып, 2026 жылдың шілде айына дейін жалғасады.

Компания мәліметінше, жұмыстың бір бөлігі қазірдің өзінде орындалды. Жоғары кернеулі кабельдік желілерді тарту толық аяқталды, сегіз жаңа кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. 0,4 кВ кернеулі тұтынушы желілерін монтаждау шамамен 40 пайызға орындалған.

Жоба аясында мамандар тозған тіректер мен сымдарды ауыстырып, жаңа темірбетон тіректер мен заманауи оқшауланған сымдар орнатып жатыр. Сондай-ақ қолданыстағы трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту және желінің тұрақтылығын арттыру үшін қосымша КТП орнату көзделген.

Жұмыстар кенттің бірнеше көшесінде қатар жүргізілуде: Библиотечная, Саранская, Медицинская, Профсоюзная көшелерінде, Львовский тұйығында, сондай-ақ Пожарский, Лиза Чайкина, Мерей, Санаторная, Минин, Семафорная, Некрасов, Фадеев, Боткин, Полюсная, Аптечная, Стахановская, Говоров және Чичерин көшелерінде.

Жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасады. Қазіргі жобаға кірмеген желілерді қайта құрудың екінші кезеңі 2026 жылдың тамыз айынан 2027 жылдың шілде айына дейінгі кезеңге жоспарланған.

Компания өкілдері бұл жаңғырту кент тұрғындарын электр энергиясымен анағұрлым тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қарағандыдағы Шахтёрский шағын ауданында К. Маркс көшесінен Мүсірепов көшесіне дейінгі автожол учаскесінде жаңа сыртқы жарықтандыру орнату жұмыстары аяқталды. Бұған дейін ұзындығы 2,2 шақырым болатын бұл жол бөлігі жарықтандырылмаған.

Тұрғындардың өтінішінен кейін мұнда 65 жаңа тірек орнатылып, жарық жүйесі қосылды. Соның нәтижесінде түнгі уақытта жол қозғалысының қауіпсіздігі айтарлықтай артты.

Сондай-ақ Рабочий кентіндегі Саялы көшесінде және Қошқарбаев пен Дружба көшелерінің арасындағы тұйықта жарықтандыру қалпына келтірілді.

Жалпы Қарағандыда қаланың әртүрлі аудандарында шамамен төрт мыңға жуық жаңа сыртқы жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланып отыр. Жарықтандыру жүйесін дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.