Қарағандыда кәріз желілері тозған. 50 жыл бұрын салынған коммуникациялар жаңартуды қажет етеді. Төрт коллекторды қайта құру және жаңа кәріз-сорғы стансасын салу үшін жобалар дайын. Биыл олар іске асырыла бастайды.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен облыс орталығын дамыту жөніндегі кеңесте өзекті мәселе талқыланды.
– Бізде су тарату жүйесіне қатысты проблемалар бар. Нысандардың салынғанына 50 жылдан астам уақыт өтті. Бұл мәселемен тыңғылықты айналысатын кез келді, – деп атап өтті облыс әкімі. – Сондай-ақ, биыл қала тұрғындарын жүз пайыз орталықтандырылған су беру жүйесімен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов бюджет қаражаты есебінен № 19 кәріз коллекторларын және Совхозная көшесін қайта жаңарту жоспарланып отырғанын хабарлады. Тағы екі жобаны – бас коллектор мен КСС-13-тен келетін қысымды коллекторды жаңартуды "Қарағанды Су" ЖШС қаржыландырады. Сонымен қатар, бюджет қаражатына "Панель-Орталық" ықшам ауданында КСС салу жоспарлануда.
Қала әкімі сумен жабдықтау жобалары туралы да айтты. №22 су таратқышты қайта жаңарту жалғасады. Жаңа және ескі Тихоновкада су құбыры желілерін, сондай-ақ қаланың 16 жергілікті су құбыры желілерін салу жоспарланған.
Тұрақты жылумен жабдықтау мәселесі де өзекті. Облыс орталығында белсенді түрде құрылыс жүргізілуде, жаңа нысандарды жылу энергиясымен қамтамасыз ету қажет. Өткен жылы үшінші жылу шығарғыштың құрылысы аяқталды, сондай-ақ жылумен жабдықтау бойынша бес ауқымды жоба іске асырылды.
Жиналыста бұл жұмыс жалғасатыны хабарланды. "Жалғаушы" жылу магистральдарын және ЖЭО-3-тен ОТТБ-1-ге дейінгі 1-ші кезекті қайта жаңарту жоспарлануда. Жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге қаржыландыру ұлғайтылды.