BANNER

Қарағандыда жаңа автомагистраль Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты тікелей байланыстырады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кең көлемде жалғасуда. Биыл қала үшін стратегиялық маңызы зор жоба іске қосылды — Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты тікелей жалғайтын жаңа автомагистральдің құрылысы басталды. Бұл бастама қаланың орталық көшелеріндегі көлік жүктемесін едәуір төмендетіп, жол кептелістерін азайтып, тұрғындар үшін қозғалыс қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында жол құрылысымен танысып, нысандардағы жұмыстардың сапасын тексерді.

Жаңа автомагистральдің ұзындығы шамамен 6 шақырым болады. Жолдың өткізу қабілетін арттыру мақсатында ол төрт жолақты етіп салынады — әр бағытта екі жолақ. Трасса Мұқанов көшесінен басталып, қарқынды дамып жатқан Оңтүстік-Шығыс ықшамауданы арқылы өтіп, Майқұдықтың Шығыс айналма жолына шығатын болады.

Биыл құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңінде Мұқанов көшесі мен «Династия» тұрғын үй кешеніне дейінгі аралық қамтылады. Жобаға тротуарлар, көгалдандыру аймақтары және автотұрақтар қарастырылған. Автожолды толық пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, Бөкетов көшесіндегі жол құрылысы да жалғасып жатыр. Мұнда асфальт төселіп, жаңбыр суын ағызу жүйелері мен жарықтандыру тіректері орнатылды. Жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Қаланың негізгі көлік артерияларының бірі — Назарбаев даңғылында да жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы соңғы ауқымды жөндеу осыдан 15 жыл бұрын болған. Биыл мұнда орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолағы қайта жабдықталып жатыр: ескі, бүлінген тастардың орнына сапалы гранит төсеніштер салынып жатыр.

Биыл жол жабыны мен тротуарлар жаңартылса, келесі жылы даңғылдың орталық жаяу жүргіншілер аймағы толықтай қайта жаңғыртылмақ.

Облыс басшысы жұмыс сапары барысында қаланың өзге де аумақтарындағы абаттандыру барысын бақылап шықты.

Бұқар жырау даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер аймақтарын қайта құру жұмыстары жалғасуда. Қазір «Арбат» сауда үйінің алдындағы алаңда белсенді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Мұнда 5 мың шаршы метрге жуық ескі тас төсеніш заманауи гранитпен ауыстырылып, гүлзарлардың айналасына заманауи орындықтар орнатылады. 

Аталған учаскені биыл толық аяқтау жоспарланып отыр.

Қалада «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында да жүйелі жұмыс жүруде. Бұл бастама тұрғындардың өздері абаттандыру қажет деп есептейтін аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді таңдауға мүмкіндік береді. 

Биыл 104 аула мен гүлзар осы бағдарлама арқылы қамтылды. 

Солардың бірі – Магнитогорская көшесіндегі аулаға Ермағанбет Бөлекпаев арнайы барып, ондағы өзгерістермен танысты. 

Мұнда футбол алаңы салынған, балалар ойын алаңы құрылысының соңғы жұмыстары жүріп жатыр. Жоба шеңберінде қауіпсіздік пен қолайлылық талаптары ескерілген, оның ішінде инклюзия қағидаттары да назардан тыс қалмаған.

– Қаламызда жол құрылысы қарқын алып келеді. Жаңа автомагистраль – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды жоба. Ол болашақта салынып жатқан жаңа мектепке дейінгі ыңғайлы қатынасты да қамтамасыз етеді. Жұмыс қарқынды жүргізілуде. Құрылыс барысын авторлық және техникалық қадағалау тұрақты бақылауда ұстап отыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сондай-ақ, қаладағы абаттандыру жұмыстарын қарап шықтық. «Халық қатысатын бюджет» – тұрғындармен тиімді кері байланыстың жарқын үлгісі. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.