Қарағандыда жүрекке операция жасаудың жаңа әдісі енгізілуде

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды қаласының кардиохирургтары аз инвазивті коронарлық шунттау әдісін меңгеріп жатыр. Жаңа технология операциядан кейін пациенттің тезірек оңалуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасында осы әдіспен алғашқы төрт операция жасалды.

Операцияларды қарағандылық мамандар Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының кардиохирургтарымен бірлесіп орындады.

Классикалық коронарлық шунттау кезінде науқастың кеуде қуысы толық ашылады. Ал жаңа әдіс кезінде қабырғалардың арасынан шағын ғана тілік жасалады. Оның тағы бір ерекшелігі – хирургтер операцияны соғып тұрған жүрекке жасайды.

– Біз кеуде қуысының бүйір тұсынан ұзындығы шамамен жеті сантиметр болатын тілік жасап, операцияны жүрек соғысын тоқтатпай жүргіземіз. Бұл хирургиялық жарақатты азайтып, пациенттің оңалуын жеделдетеді. Операциядан кейін науқастар ауруханада шамамен үш күн болады, содан соң күнделікті өміріне орала алады, – деді Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасы кардиохирургия бөлімінің дәрігері Тамерлан Мұқажанов.

Маманның айтуынша, бұл әдісті артық салмағы бар пациенттерге де қолдануға болады.

Дегенмен жаңа технологияны бірнеше операция жасап қана толық меңгеру мүмкін емес. Ол үшін арнайы хирургиялық құрал-сайман, қажетті медициналық жабдық және жеткілікті практикалық тәжірибе қажет. Қарағандылық кардиохирургтар оқытудың алғашқы кезеңінен Астанада өтті. Қазір мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары Қарағандыда жалғасып жатыр. Дәрігерлер операцияларды тәжірибелі мамандармен бірге жасап, жаңа әдісті іс жүзінде меңгеруде.

– Қарағандыдағы әріптестерімізде қажетті жабдық та, тиісті дайындық та бар. Қазір оқытудың екінші кезеңі тікелей осында өтіп жатыр. Оны аяқтағаннан кейін, жоспарымызға сәйкес, дәрігерлер мұндай операцияларды өздігінен орындауға мүмкіндік алады, – деді Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Әлібек Тойбаев.

Аз инвазивті коронарлық шунттау әдісін енгізу Қарағанды облысындағы кардиохирургиялық көмектің мүмкіндігін кеңейтіп, өңір тұрғындары үшін жүрекке жасалатын заманауи операциялардың қолжетімділігін арттыруға жол ашады.