BANNER

Қарағандылық «Шахтёр» клубын Қазақстанның тәжірибелі бапкері Дмитрий Огай басқарады

gov.kz

Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңа бас бапкері ресми түрде таныстырылды. Ел футболындағы ең беделді және тәжірибелі мамандардың бірі Дмитрий Огай кеншілер қаласының футболшыларын басқаруды өз мойнына алды.

– «Шахтёр» футбол клубын басқару мен үшін үлкен жауапкершілік. Тренерлік штаб та, әкімшілік команда да қойылған міндеттерді орындауға бар күшін салады деп сенемін. Біз бәріміз Қарағанды футболының тарихын жақсы білеміз. Команда екі рет Қазақстан чемпионы атанды, Чемпиондар Лигасында өнер көрсетті, Еуропа Лигасының топтық кезеңінде де ойнады. Мұндай жетістіктерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз клуб тарихын кімдер қалыптастырғанын жақсы білеміз. Ойыншыларды ұзақ тізуге болады, бірақ бұл – нағыз шеберлер тобы, және біз оны әрдайым есте сақтаймыз, – деді Дмитрий Огай.

Қазіргі уақытта команда Шымкентте селекциялық-танысу жиынын өткізіп жатыр.

– Біз бір-бірімізді жақынырақ танысу үшін команданы Жаңа жылға дейін жинадық. Келесі жиын Түркияда өтеді. Сол кезде белгілі бір топ ойыншыларды таңдап алғымыз келеді. 2008 жылғы футболшылар үшін лимит енгізілетінін ескерсек, осы жас санатындағы ойыншылардың кең тобын қарастыру маңызды, – деп өзінің алдағы жоспарымен бөлісті жаңа бас бапкер.

Дмитрий Огай бапкерлік қызметін 1998 жылы бастаған. Әр жылдары Қазақстанның «Ертісш», «Тобыл», «Қайсар», «Жетісу» және басқа да клубтарын жаттықтырған. Бұған дейін өзі де бірнеше клубта, оның ішінде Қарағандының «Шахтёрінде» ойыншы болып өнер көрсеткен.

Оған қоса, Дмитрий Огай Қазақстанда үш рет «Жыл бапкері» атанды (2002, 2003, 2005). Ұзақ бапкерлік тәжірибесінде ол командаларын екі рет Қазақстан чемпионына жетелеп, бірнеше рет жүлделі орындарға шығарды. Сондай-ақ ол Қазақстан Кубогы мен Еуропа Интертото Кубогының иегері.

Дереккөз: Gov.kz