WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионатында Қарағанды облысының құрама командасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 20 өңірдің ішінде жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді.

Өңір намысын колледждердің 51 студенті қорғады. Олар кірпіш қалау мен флористикадан бастап, ақпараттық қауіпсіздік пен дрондармен жұмысқа дейінгі 43 құзыреттілік бойынша шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде 12 медаль жеңді: 5 алтын және 7 күміс, сондай-ақ кәсібилігі үшін 14 медальон иеленді.

WorldSkills Kazakhstan – елдегі кәсіптік білім сапасының басты көрсеткіші әрі дағды мен құзыреттерді дамытуға арналған негізгі алаң. Биыл чемпионатқа бүкіл елден 800-ден астам студент қатысты. Қазіргі еңбек нарығының сұранысын және технологиялық трендтерді көрсететін жаңа құзыреттіліктер енгізілді.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі чемпионатқа алты студент жіберіп, олардың төртеуі жүлдемен оралды: кірпіш қалау бойынша алтын, ал плиткамен қаптау, сантехникалық жұмыстар және флористика бойынша күміс медаль.

Оқу орнының директоры Әсел Сапарованың айтуынша, жетістікке табанды дайындық себеп болған: студенттер тәжірибеден өтіп, басқа жарыстарға да қатысқан.

– Чемпионатқа бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Былтыр кәсібилік үшін медальон алдым да, өзіме жаңа мақсат қойдым. Жаттығуды күшейтіп, жүлделі орын алуға үміттендім. Бірақ алтын болады деп ойламадым. Жаттығулардың арқасында күрделі модульдер қиындық туғызбады. Белгілі бір тапсырмаларды орындау керек болды: бірінші қалау – «25» саны, екіншісі – шығыңқы фигура, – дейді «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз, төртінші курс студенті Нұрсұлтан Абдумәжидов.

Bolashaq колледжінің студенті Дильназ Құралова өзін жаңа салада сынап көрді. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-әдіскері мамандығында оқиды, бірақ чемпионатта қонақ үй ісі – қонақ үйдің тіркеу бөлімінің әкімшісі құзыреттілігі бойынша өнер көрсетті. Нәтижесінде алтын медаль жеңіп алды.

– Техникалық тапсырма алғашында қорқыныш тудырды, бірақ дайындық барысында бәрі түсінікті болды. Тапсырмалар өте шынайы болды – қонақтарды орналастыру, төтенше жағдайлар, шағымдармен жұмыс. Біздің іс-әрекетіміз бен реакциямыз бағаланды, – дейді жеңімпаз.

«Локомотивті басқару» құзыреттілігі бойынша ең үздік деп Қарағанды теміржол колледжінің студенттері Магомед Нуриев пен Ернияз Жантүгіл танылды. Олар чемпионатқа тәлімгері Қобыланды Әшірбековтің жетекшілігімен дайындалған.

Алтын медаль алғандардың қатарында Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Анастасия Акоронко да бар – ол «1С платформасында бизнес-процестерді автоматтандыру» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ көлік-технологиялық колледжінің студенті Диас Ынтықбай («Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету») алтын иеленді.

Жеңімпаздар 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International халықаралық чемпионатында Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болады.
Дереккөз: gov.kz
