Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі stankznews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысында мектеп бітіру кешінде құрдасы шампур тығып, қаза тапқан 11-сынып оқушысы Әлібидің ісі бойынша сот шешім шығарды.
Іс бір жылдай уақыт тергелген. Аталған қылмыстық іс заңнама талаптарына сәйкес жабық сот отырысында қаралды.
“Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 14 қантардағы үкімімен И-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 14-тармағында көзделген (көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған осы баппен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді сот.
Кейін сотталушы тарап істі облыстық сотқа қайта қарауға жолдаса керек. Алайда Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ал шыққан үкім заңды күшіне 2026 жылы 14 сәуірде енген.