BANNER

Өнеркәсіп «цифрлық форматқа» көшуде: 3D-технологиялар Қарағанды өндірісін қалай өзгертуде

Фото: Gov.kz

Қарағандыда 3D-басып шығару технологиясы арқылы өнеркәсіптік жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектерді, банкомат тетіктерін және медициналық операцияларға қажетті элементтерді әзірлейтін стартап қарқын алып келеді. Аддитивті технологиялар кәсіпорындарға өндірістік үдерістерді жедел қалпына келтіруге, шығындарды қысқартуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша цифрландыру өңір экономикасының технологиялық орнықтылығын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналуда.

Аддитивті технологиялар орталығын резеңке-техникалық бұйымдар өндіруге маманданған компания құрған. Мұнда жаңа бөлшекті жасап шығару ғана емес, зақымданған элементті қайта жаңғырту да мүмкін — тіпті оның сызбасы сақталмаған жағдайда да. Істен шыққан тетік алдымен цифрлық форматқа көшіріліп, кейін полимерлермен, резеңкемен және силиконмен жұмыс істеу барысында реверс-инжиниринг әдісі қолданылады.

– Бізді өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін өзіндік «жедел жәрдем» деуге болады. Өндірісте қандай да бір бөлшек істен шығып, жаңа қосалқы бөлшекті ұзақ күтуге тура келсе, біз қажетті тетікті қысқа мерзімде дайындап немесе қолданыстағысын күшейтіп бере аламыз, – дейді «Транзит» ЖШС (Teleport 3D) директоры Данил Ращупкин.

Кәсіпорынның өндірістік базасында лазерлік қондырғы, сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктар (CNC) және оннан астам өнеркәсіптік 3D-принтер жұмыс істейді. Бұл техникалық мүмкіндіктер шестернялар мен тығыздағыштардан бастап күрделі механизмдерге арналған құрамдас бөлшектерге дейінгі кең ауқымды өнімді шығаруға жол ашады.

Тапсырыстар әртүрлі салалардан түсуде. Мәселен, мамандар өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасына арналған сүзгіні жетілдірді. Сонымен қатар кәсіпорын банкоматтарға қажетті жиынтық бөлшектерді, соның ішінде қысқыш роликтерді өндіреді.

Бұл аддитивті шешімдердің тек тар индустриялық бағытпен шектелмей, салааралық нарық қалыптастыра бастағанын аңғартады.

Технологиялар медицина саласында да тиімділігін дәлелдеді. Мамандар хирург-стоматологтарға күрделі операцияға дайындық барысында қолдау көрсетіп, компьютерлік томография (КТ) мен магниттік-резонанстық томография (МРТ) деректері негізінде жасөспірімнің жақ сүйегінің 3D-моделін әзірледі.

– Медициналық мәліметтерді өз жүйелеріміз арқылы өңдеп, операция кезінде пайдаланылған арнайы шаблон жасадық. Бұл аса жауапты әрі күрделі жұмыс болды, – дейді аддитивті технологиялар бөлімінің жетекшісі Владислав Шулаев.

Команда сондай-ақ 3D-инженерлерге арналған көптілді чат-бот әзірлеген. Жасанды интеллект негізіндегі Ника ассистенті аддитивті технологиялармен жұмыс барысында мамандарға жедел кеңес беріп, өндірістік міндеттерді тиімді шешуге көмектеседі.

Компания алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, технологиялық шешімдер желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Осылайша ол Қазақстандағы 3D-технологиялар нарығында жетекші ойыншылардың біріне айналуды көздейді.

Дереккөз: Gov.kz