Бүгін, 24 қаңтарда Қарқаралы қаласында бірден отыз алты отбасы пәтерлі болып, қуанышқа бөленді. Олардың бәрі де баспанаға мұқтаж жандар ретінде кезекте тұрған болатын. Бірден айту керек, бұл пәтерлер мұқтаж адамдарға коммуналдық тұрғын үй қорынан жекешелендіру құқығынсыз жалға беріліп отыр.
Қарқаралы ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мен аудан әкімі Әділжан Арғынов пәтер кілттерін салтанатты табыстау шарасына қатысып, баспаналы болған отбасыларға құтты болсын айтты. Сөйтіп, отыз алты отбасы он сегіз пәтерлі үр жаңа екі үйге қоныстанып, бір-ақ күнде көрші-қолаң болып шыға келді. Әлеуметтік санаттары бойынша айтсақ, пәтер алғандардан сегіз адам – жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тағы бір сегізі – көп балалы отбасылар және жиырма адам – әлеуметтік осал топқа жататын жандар.
Қарқаралыда былтырғы жылы да он отбасы баспанамен қамтамасыз етілген болатын. Олардың екеуінің бұрынғы баспанасы апатты жағдайда деп танылған, үшеуі көп балалы ана, екеуі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасы, тағы да екеуі толық емес отбасы және біреуі зейнеткер кісі. Осындай баспаналар өңірдегі мұқтаж жандарға кезекпен, аудандық тұрғын үй комиссиясының қадағалауымен алдағы уақытта да беріледі.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ, Қарқаралы ауданы