Нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі.
Сенат депутаттары 2022- 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заңды қабылдады.
Заңмен республикалық бюджет 2,7 триллион теңгеге ұлғайтылып отыр. Соның басым бөлігі президент тапсырмаларын орындауға жұмсалады.
Олар:
қаңтар оқиғаларының салдарларын жоюға – 37 миллиард теңге;
күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігін және жарақтандырылуын арттыруға – 441 миллиард теңге;
халықтың кірісін арттыру жөніндегі іс-шараларға – 197 миллиард теңге; өңірлерді дамытуға арналған шығыстарға – 475 миллиард теңге;
азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясында іс-шараларға – 238 миллиард теңге; үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы аясындағы іс-шараларға – 475 миллиард теңге;
президент бастамаларына арналған резервті азайтуға – 71 миллиард теңге бағытталды; өңірлерді дамыту – 476,0 миллиард теңге;
Бұдан бөлек, бағдарламалық құжаттардың (сайлауалды бағдарлама мен ұлттық жобалардың) шараларын жүзеге асыруға 98 миллиард теңге бөлінеді.
Қосымша шығыстар жергілікті және республикалық жолдарды дамытуға, сондай-ақ су ресурстары саласындағы шараларға жұмсалады. Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге 117 миллиард теңге қарастырылған.
Нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі. Сондай-ақ, теңгеге қатысты доллар бағамының өзгеруіне байланысты шығыстарға 56 миллиард теңге көзделіп отыр. Бұрын қабылданған кезек күттірмейтін міндеттемелерді іске асыруға 377 миллиард теңге (әлеуметтік сала - 250 миллиард теңге, экономиканың нақты секторы - 70 миллиард теңге, әкімшілік мемлекеттік органдар - 58 миллиард теңге) бағытталды.
Номиналды ЖІӨ 2022 жылы 91 543,9 миллиард теңге көлемінде болжанып отыр, ол мақұлданған болжамнан 4 468,3 миллиард теңгеге жоғары. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 332,4 АҚШ долларын құрайды. 2022 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 2,9 триллион теңге немесе ЖІӨ-ні бағалауға қатысты 3,3% мөлшерінде айқындалды. Бұған қоса, Ұлттық қордан 2022 жылға арналған кепілдендірілген трансферт 1,6 триллион теңгеге ұлғайып, 4 триллион теңгені құрайды.
Республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары 2,7 триллион теңгеге артып, 18,8 триллион теңге көлемінде болжануда.