Президент жаңа Конституцияның қабылдануына орай рақымшылық туралы заңға қол қойды.
Заң қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жекелеген азаматтарға қатысты қолданылады. Негізінен жеңіл қылмыс жасағандар және келтірілген залалды өтеген азаматтар рақымшылыққа ілігеді.
Алдын ала есеп бойынша, 16,5 мыңнан астам адам рақымшылық арқылы жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Оның ішінде шамамен 2 900 әйел бар.
Рақымшылық терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, азаптау, жыныстық сипаттағы ауыр қылмыстар жасағандарға қолданылмайды. Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен аса қауіпті қылмыс жасағандар жеңілдікке ие болмайды.
Әкімшілік рақымшылық аясында 260-тан астам бап бойынша салынған айыппұлдардан босату қарастырылған. Ішкі істер органдары қарайтын істер бойынша шамамен 1 миллион айыппұл, жалпы сомасы 17 млрд теңгеден астам, рақымшылыққа ілігеді.
Әкімшілік рақымшылық автоматты түрде жүзеге асырылады. Азаматтарға мемлекеттік органдарға арнайы жүгінудің қажеті жоқ.