Сахнадағы емтихан: қарағандылық студенттер КТМК сахнасында «Норд-Осттың» концерттік нұсқасын ұсынады

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтарын «Норд-Ост» мюзиклінің концерттік нұсқасының тегін көрсетіліміне шақырады. Қойылым 19 мамыр күні сағат 16:00-де Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрында өтеді. Оны Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері ұсынады – бұл олардың емтихандық жұмысы.

«Норд-Ост» мюзиклі «Два капитана» романының желісі бойынша жазылған. Қойылымның авторлары – Алексей Иващенко мен Георгий Васильев. Премьерасы 2001 жылы өтіп, жоба бірден коммерциялық табысқа жеткен. Спектакль ауқымды декорацияларымен және әсерлі көріністерімен есте қалды: сахнада ұшақтың «қонуы» және мұз құрсауында қалған шхуна тұмсығының пайда болуы көрерменге ерекше әсер сыйлаған.

Қарағандыда көрермендерге мюзиклдің концерттік нұсқасы ұсынылады – күрделі декорациялар мен жаппай көріністерсіз қысқартылған формат. Негізгі назар сюжет пен музыкалық партияларға аударылады, ал сахнада жеті басты кейіпкер өнер көрсетеді.

Рөлдерді колледж студенттерімен қатар Музыкалық комедия театрының әртістері орындайды.

Кіру тегін.