Семей полигоны: 35 жылдағы зерттеулер

Фото: Life09

2026 жылы Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі өз жұмысын тоқтатты. Алайда полигонды жабумен жұмыс аяқталған жоқ.

Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы аумақтағы радиациялық жағдайды зерттеп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді. Топырақ, су, ауа, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зерттеулер жүргізіліп, 150 мыңнан астам сынама бойынша дерек жинақталды.

Ғалымдар цезий-137, стронций-90, плутоний изотоптары және басқа да радионуклидтердің қоршаған ортада таралуын зерттеп келеді. Нәтижесінде шамамен 8 400 шаршы шақырым аумақ радиоактивті ластанған жерлер санатына жатқызылды.

2023 жылы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданып, аумақты бақылау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негізі қалыптасты.

Қазір полигонды бақылауда жерсеріктік мониторинг, геоақпараттық технологиялар және автоматтандырылған жүйелер де қолданылады. Бұл өзгерістерді жедел анықтап, қауіпті учаскелерді бақылауға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, 35 жыл ішінде үлкен жұмыс атқарылғанымен, кейбір аумақтарда тұрақты радиациялық бақылау мен оңалту шараларын жалғастыру қажет.