Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың (Полат) өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық істің барлық материалдарымен тараптар танысты. Іс прокурорға сотқа жолдау үшін жіберілді, - делінген хабарламада.
Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктілердің айғақтарын оқиға орнында тексеру, беттестіру және қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері орындалды.
Қылмысқа қатысы бар барлық адамдарға құқықтық баға беру үшін 8 бейнематериал зерттелді.
Қылмыстық істің көлемі 62 томды құрады. Онда жиналған барлық дәлелдемелер, сараптамалық қорытындылар, сұрақ-жауап хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді. Барлық кезеңде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді, - деп қосты облыстық полиция департаменті.