Шетелдік сарапшылар Құрылтай сайлауындағы белсенділікке баға берді

Фото: Life09

Қазақстанда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауына халықаралық байқаушылар мен шетелдік сарапшылар оң баға берді. Олар сайлаушылардың белсенділігіне және жаңа парламенттік модельдің перспективаларына тоқталды.

Польшаның KontrolerINFO басылымының бас редакторы Анджей Казимерский сайлаушылардың 75 пайыздық белсенділігін демократиялық үдерістердің даму көрсеткіші деп бағалады. Оның айтуынша, азаматтардың дауыс беруге өз еркімен қатысуы маңызды.

Сарапшы сайлаушылармен сөйлесіп, олардың дауыс беруге не үшін келгенін және сайлау нәтижелерінен қандай үміт күтетінін сұраған. Оның сөзінше, қазақстандықтардың негізгі күткені – өмір сапасын жақсарту және елдің одан әрі дамуы.

Арменияның Тұрақты даму және мемлекеттік басқару институтының басшысы Геворг Меликян сайлауды Қазақстандағы институционалдық жаңғыру үдерісімен байланыстырды. Оның пікірінше, сайлаушылардың жоғары белсенділігі азаматтардың жаңа жүйе мен бастамаларға деген үмітін көрсетеді.

Шетелдік сарапшылар сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысына да оң баға берді. Олардың айтуынша, процесс ашық әрі ұйымдасқан түрде өткен. Азаматтар сайлауды саяси таңдау жасау мүмкіндігі ғана емес, елдің болашағына әсер ететін маңызды қоғамдық оқиға ретінде қабылдаған.