Егер дипломаттың немесе әскеридің әйелі 4 бала туып, олардың әрқайсысы 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыт күтсе, базалық зейнетақы төлемін беруде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне жатқызылады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Дипломаттар мен әскерилердің отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін Үкіметте қаралғанын Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жеткізді. Оның айтуынша, Әлеуметтік кодексте белгілі бір себептерге байланысты жұмыс істеу мүмкіндігінен айрылған азаматтардың жекелеген санаттарын зейнетақымен қамсыздандырудың ерекшеліктері қарастырылған екен.
– Осы санатқа дипломатиялық жұмысшылар мен әскерилердің жұбайлары да жатады. Кодекстің 208-бабына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеуде олардың кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызметі, мемлекеттік қызметте істеген жылдары есептеледі. Бұдан бөлек, бұрынғы кеңестік мекемелердің, қазіргі Қазақстанның мекемелері мен халықаралық ұйымдарының қызметкерлері зайыбының шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі өтілге есептеледі", – деді Ермек Беделбайұлы.
Кодекс бойынша әскери қызметшілер, арнаулы меморгандар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасалмай, олармен бірге тұрған. Сол себепті жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі де оның еңбек өтіліне жатқызылады. Вице-премьер кодекстің 206-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған уақыт мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептелетінін жеткізді. Ендеше аталған санаттағы қызметкерлердің жұбайлары жұмыс істемесе, осы өтілмен зейнеткерлікке шыға алады. Оған қоса, осы кодекс бойынша зейнетақы тағайындауда "жекелеген әлеуметтік маңызды кезеңдер" жұмыс өтіліне жатқызылады. Ал бұл дипломаттар мен әскерилердің әйелдеріне де қатысты.
Соның ішінде егер дипломаттың немесе әскеридің әйелі 4 бала туып, олардың әрқайсысы 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыт күтсе немесе 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға қараса, не болмаса өзге адамның көмегіне мұқтаж І топ не ІІ топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткер қарияға, сондай-ақ 80 жасқа толған қартқа күтім көрсеткен уақыты да базалық зейнетақы төлемін беруде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне жатқызылады.
Көшербаев дипломат күйеуі әйеліне зейнетақы аннуитетін сатып әперіп, биыл 53 жаста ерте пенсияға шығара алатынын жеткізді.
"Өте маңызды жаңалық сол, өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімі – бірлескен отбасылық зейнетақы аннуитеті енгізілді. Аннуитеттің бұл түрі –зейнетақылық аннуитет шартын бекіту кезінде ерлі-зайыптыларға зейнетақы жинағын біріктіруге, зейнеткерлікке ресми түрде шығуды күтпей-ақ зейнетақылық төлемді алуға мүмкіндік береді. Егер дипломаттың әйелінің зейнетақы жинағы аз болса, онда отбасылық жұп ретінде осы өнімді пайдалана алады. Мұндай жағдайда ері – 55, ал әйелі 2025 жылы – 53 жасқа толғанда сақтандыру компаниясынан зейнетақы төлемдерін алады", – деді Премьердің орынбасары Ермек Көшербаев.
Оның айтуынша, осы аталған нормалар дипломатиялық қызметкерлер мен әскерилердің әйелдеріне "күйеуінің қызметін өткеру орнында еңбекпен қамту мүмкіндігі жоқ болғанына қарамастан, зейнетақымен қамсыздандыру құқығын жүзеге асыруына" мүмкіндік береді.
"Бұдан бөлек, егер Қазақстанның шетелдегі мекемесінде қандай да бір әкімшілік, техникалық бос лауазым орындары болса, ол дипломатиялық қызмет персоналына ере жүрген отбасыларының мүшелеріне ұсынылады. Олар уақытша сол жұмысты істей алады. Сондықтан дипломаттар мен әскерилердің әйелдерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, Швейцария, Дания, Чехия, Эстония сияқты бірқатар еуропалық елдердің халықаралық тәжірибесіне сай келеді", – деді Ермек Көшербаев.