Жыл басынан бері Абай ауданында 76 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс қазір де «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізіліп жатыр.
Тамыз айының соңында тек Құрма және Жартас ауылдарының өзінен 36 мың текше метрден астам қалдық шығарылды, аумақтар экологиялық әрі санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.
Акцияға жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысып жатыр. Сенбілікке 200-ге жуық адам тартылды. Жұмысқа 24 арнайы техника жұмылдырылып, 56,6 гектар аумақ тазартылды, 58 қоқыс үйіндісі жойылды. Бұған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 10 контейнер орнатылды, ағаштар мен бұталар отырғызылды. Барлығы 25 рейд өткізілді.
Заңсыз қоқыс орындарын анықтауға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы қолдау көрсетуде. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде ауданда 26 заңсыз қоқыс орны анықталған. Бүгінде Құлайғыр, Қарабас, Құрма, Жұмабек және Жартас ауылдарындағы тоғыз үйінді жойылды, ал тағы 10 нүктеде тазалау жұмыстары жалғасуда.
– Ғарыштық мониторингтің қорытындысына сәйкес, Абай ауданында 26 заңсыз қоқыс орны анықталды. Алайда бірқатар координаттар бойынша сәйкессіздіктер бар. Мысалы, Южный және Қарабас кенттерінде көрсетілген жеті үйінді іс жүзінде жоқ. Жаңа қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу үшін Абай ауданында заманауи қоқыс полигонының құрылысы жүзеге асырылуда. Оның ашылуы биылғы күзге жоспарланып отыр, – деді Абай ауданының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Азамат Бақтыбай.
Сонымен қатар ауданда «Таза Қазақстан» платформасы арқылы халықпен жұмыс жүргізілуде. Бұл жүйеге тұрғындар абаттандыруға қатысты шағымдары мен ұсыныстарын жолдай алады. Жыл басынан бері 128 өтініш түсті, олардың барлығы қаралып, орындалды.
Фото: Абай ауданының Жартас ауылы әкімдігі