«Таза су айдындары»: Самарқанд су қоймасының жағалауынан 40 қап қоқыс жиналды

gov.kz

Қарағанды облысында су айдындарын уылдырық шашу кезеңіне дайындау жұмыстары жүргізілуде. Балық шаруашылығы қызметкерлері, экологтар мен еріктілер жағалау аумақтарын қоқыс пен браконьерлік ау құралдарынан тазартуда. Теміртау маңындағы Самарқанд су қоймасында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы барысында 40 қап қоқыс жиналды.

Акцияны Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, «Волков В. А.» ЖК, сондай-ақ Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды. 

Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам қатысты: мемлекеттік инспекторлар, салалық ведомстволардың қызметкерлері, эко-белсенділер, еріктілер, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенттері мен №16 мектептің оқушылары.

Жұмыстарға 20-ға жуық арнайы техника және үш қайық тартылды. Жағалауды тазалаумен қатар, мамандар су айдынында тралдау жұмыстарын жүргізді: түбінен иесіз қалған ау құралдары, оның ішінде браконьерлік торлар шығарылды.

— Акцияның басты мақсаты — уылдырық шашуға қолайлы жағдай жасау және балық қорын сақтау. Мұндай шаралар жыл сайын көктемде өткізіледі. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында су айдындары мен жағалау аумақтарын тазарту жұмыстары жалғасады, — деді Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Сәбит Ұзақбаев мұндай акцияларға алғаш рет қатысып отырған жоқ.

— Бұл жер өте көрікті әрі демалысқа қолайлы, алайда адамдардан кейін қоқыс жиі қалып жатады. Пластик суға түсіп, балықтардың тіршілік ортасын ластайды. Осындай акцияларға қатысу арқылы біз табиғатты және өңірдің болашағын қорғаймыз, — дейді Сәбит Ұзақбаев.

«Таза су айдындары» акциясы жыл сайын 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында еліміздің барлық балық шаруашылығы су айдындарында, соның ішінде Қарағанды облысында да өткізіледі.