Теміртауда өрт кезінде 7 адам эвакуацияланды

Фото: Life09

Қарағанды облысы Теміртау қаласының 6-ықшамауданында орналасқан бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде жиһаз бен тұрмыстық техниканың жануы орын алды.

ТЖМ күштерімен баспалдақ маршымен 7 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Өртті сөндіру барысында пәтерден газ баллоны шығарылып, ықтимал жарылыстың алдын алуға мүмкіндік туды.

Өрт қысқа уақыт ішінде толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Өрттің алдын ала себебі — балалардың отпен ойнауы. Алдын ала мәлімет бойынша, пәтердің асүйінде газ баллонына қосылған электр плитасы болған. Анасының айтуынша, кіші ұлы электр плитасын қосқаннан кейін ол қыза бастаған. Бала ойнап жүріп, қағазды немесе басқа да тез тұтанатын заттарды тұтатуға әрекет жасаған. Соның салдарынан ашық жану пайда болған. Бала қорқып кетіп, жанып тұрған қағазды жерге тастап жіберген, нәтижесінде едендегі кілем тұтанған. Осыдан кейін ол бөлмеден жүгіріп шығып, ағасы мен атасын оятқан.