Соңғы жылдары Транскаспий халықаралық көлік маршруты – Орта дәліз – Қазақстан үшін ең перспективалы бағытқа айналды. 2021-2024 жылдар аралығында бұл дәлізбен өтетін жүк көлемі шамамен бес есеге өсіп, 0,84 миллион тоннадан 4,5 миллион тоннаға дейін жетті. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,2 миллион тоннаға жақындайды деген болжам бар.
Дүниежүзілік банк сарапшылары дәліздің 2030 жылға қарай 10-11 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтеді. Қазақстан өз жеріндегі инфрақұрылымды осы мақсатқа бейімдеп жатыр. Қазіргі есеп бойынша, Орта дәліздің жалпы өткізу қабілеті жылына 6 миллион тонна болса, Қазақстан 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Мұндай өршіл мақсатқа жету үшін ел ішінде ауқымды теміржол жобалары іске асуда. Соның бірі – ұзындығы 836 шақырымдық Достық-Мойынты учаскесін жаңғырту. Жоба аяқталғаннан кейін бұл бағытпен тәулігіне бұрынғы 12 жүк пойызының орнына 60 пойызға дейін өткізу мүмкіндігі пайда болды. Бұл жылдық есеппен алғанда 35 миллион тоннаға дейін тасымалдау әлеуетін береді.
Қытаймен жаңа бағыттарды күшейту үшін Бақты-Аягөз және Қызылжар-Мойынты теміржол желілері де салынуда. Ал батыста Каспий теңізіндегі Ақтау-Құрық порттық кластерінде қуаттылықты кеңейту жұмыстары жүруде. Қазір екі порттың жиынтық өткізу қабілеті шамамен 23 миллион тоннаны құрайды, ал 2030 жылға қарай оны жылына 30 миллион тоннаға және 200 мың контейнерге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ақтау портында халықаралық контейнерлік хабтың құрылысы ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Бұл жобаға 47,6 миллиард теңге инвестиция салынған. Оның алғашқы кезеңі 2024 жылы іске қосылып, екінші кезеңнің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Толық жоба 2026 жылдың соңында бітуі тиіс. Хаб жылына 240 мың контейнер өңдей алады.
Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы салынып жатыр. 98 миллиард теңге инвестицияланған бұл нысан 284 гектар аумақты қамтиды. Мұнда астық, әмбебап жүктер, химиялық өнімдерге арналған терминалдар және логистикалық орталық бой көтеруде.
