Жыл басынан бері Қарағанды облысында «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың бастамасы. Оның жеке қабылдауына егде жастағы адамдар жиі шағымданып, жұмыс таба алмай жатады. Бағдарлама сұранысқа ие. Бір айдан аз уақыт аралығында жүзге жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Бағдарлама облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Оның ерекшелігі – өз командасына зейнеткерді қабылдаған жұмыс берушілерге оның жалақысының жартысы субсидияланады, бірақ бір ең төменгі жалақыдан артық емес (2025 жылы – 85 мың теңге). Алайде бұл шектеудің өзінде де зейнетақының өсімі жаман емес, себебі жұмыс беруші де осынша қосады.
Алғашқылардың бірі болып зейнеткер мұғалімдерді қабылдап алған жекеменшік білім беру орталықтары болды.
Дәрия Нұрекина 44 жыл ауылдық мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Сегіз жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан. Шет ауданының Ақжал ауылынан балаларымен бірге қалаға көшіп келді.
– Үйде отырғым келмейді, көмегім тигенін қалаймын. Инстаграмнан осындай бағдарлама туралы хабарламаны көріп, байқап көруге шешім қабылдадым. Мансап орталығына бардым. 8 қаңтардан бастап осында, даму орталығында жұмыс істеймін. Балалармен айналысамын, олардың мектепке дайындалуына көмектесемін. Бәрі ұнайды: сүйікті жұмысым, орталық үйдің жанында – жаяу келемін, – дейді Дәрия Нұрекина.
Орталықтың әкімшісі Аида Өтеуованың айтуынша, күн сайын оларға 50-ге дейін бала келеді. Көптеген ата-аналар жасы егде, тәжірибесі бар педагогтарды қалайды, сондықтан жаңа пайдалы қызметкер тапқандарына қуанышты.
«Алтын жас» бағдарламасы бойынша ақпан айынан бастап орталыққа тағы бір зейнеткер – университеттің бұрынғы оқытушысы жұмысқа келеді. Ол балаларға ағылшын тілін үйретеді.
Ләззат Асылбекова 40 жылдан астам Қарқаралы ауданының Томар ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Өткен жылы зейнетке шығып, Қарағандыға көшкен. Қаңтар айында бағдарлама бойынша Оңтүстік-Шығыстағы жаңа көпқабатты үйлердің бірінде ашылған жаңа шағын орталыққа орналасты. Күн сайын жұмысқа Майқұдықтан келеді.
– Бағдарламаны құрғандарға рахмет! Зейнеткерлер үшін бұл жақсы қолдау. Балаларды жақсы көремін. Денсаулығым жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Реті болса, үйде отырмаңыздар! Төрт қабырғаға қамалып отыра берсеңіздер, тез қартайып кетесіздер. Ал бұл жерде өзімді қажет сезінемін, баршаға пайдасы бар: біз өз тәжірибемізді жастарға береміз, ал олардан жаңа нәрсе үйренуге болады, – деп Ләззат Асылбекова құрдастарын бағдарламаға қатысуға шақырады.
Зейнеткер қосымша табысын жинап, Қазақстанды аралағысы келеді.
– Егде жастағы адамдарды ресми жұмысқа орналастыру үшін «Алтын жас» арнайы бағдарламасы әзірленді. Ол зейнеткерлікке шыққан, бірақ күш-қуаты мол және табысын арттырғысы келетін өңір тұрғындарына арналған. Қарағанды облысында 180 мыңнан астам зейнеткер тұрады, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысуға 146 жұмыс беруші ниет білдірді. Жұмысқа 96 адам жіберілді. Негізінен олар бастауыш сынып мұғалімдері, бухгалтерлер, менеджерлер, күзетшілер. Мамандықтар бойынша ешқандай шектеу жоқ, түрлі мамандықтар бойынша жұмыс таба аламыз.
Биыл «Алтын жас» бағдарламасы бойынша 400 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, ал келесі жылдары олардың саны артатын болады.
Бағдарламаға қатысуға өтінімдер барлық қалалар мен аудандардың Мансап орталықтарында қабылданады.