27 қаңтарда сарбаз Е. Рустемұлының қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің рота командирі қызметіне салғырт қарағаны анықталған. Атап айтқанда, ол жеке құрамның қызметін және қару қолдану тәртібін тиісті деңгейде бақыламаған. Сондай-ақ, қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдалану деректері тіркелген.
Жиналған дәлелдер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, сарбаз өліміне қатысты өзге де мән-жайлар бойынша тергеу жалғасып жатыр. Іс Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.
Еске салайық, Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қаза тапқаны хабарланған еді. Ақпаратқа сәйкес, мерзімді әскери қызметкер снайперлік мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген.
“27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде ажалды жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметкердің қайтыс болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауында”, – делінген хабарламада.