BANNER

Жылына бір рет келетін діни мерекені қалай атап өту керек?

Ашық дереккөз

ҚҰРБАН ШАЛУ: МӘНІ МЕН МАҚСАТЫ, ЕРЕЖЕЛЕРІ МЕН ҚАҒИДАЛАРЫ

ҚМБД жариялаған кестеге сай биыл Құрбан айт мерекесі шілденің 9-11 аралығында тойланады. Діни мерекенің алғашқы күні мешіттерде айт намазы оқылып, дұға жасалады. Жамағат бір-бірін құттықтап, үйді-үйге қонақ болады. Әйелдер міндетті түрде жеті нан пісіріп, дастархан жаяды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz.

АРАПА КҮНІ

Арапа – құрбан айттың алдындағы күн. Биыл ол 8-шілдеге түсті.  Хадис шәрифтерде:

«Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені, арапа – Аллаһ тағала қадірлеген күн»;

«Арапа күні ораза тұтқан адамдардың екі жылдық күнәлары кешіріледі. Бірі өткен жылы, екіншісі келер жылдың күнәлары»;

«Арапа күні 1000 рет «Ықылас» сүресін оқыған адамның барлық күнәлары кешіріледі және дұғасы қабыл болады», – делінген. Сондықтан да, бұл қасиетті күнде дұға жасап, ораза ұстаған абзал дейді дін өкілдері. Дәл осы күні Меккеге қажылыққа аттанған жамағат Арафат тауына көтеріліп, күні бойы дұға тілеп, намаз оқиды.

 

ҚҰРБАН АЙТТЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

«Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағына береді. Ол Ораза айттан кейін 70 күннен соң тойланады. Аңызға сүйенсек, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Алланың разылығы үшін құрбандыққа 1000 қой, 300 сиыр және 100 түйе шалып мұқтаждарға таратады. Осыны көрген періштелер мен адамдар Ибраһимнің (ғ.с.) тақуалығына таң қалысады. Сонда пайғамбар:

«Балам болса, Алланың разылығы үшін оны да құрбандыққа шалар едім», –  дейді.

Уақыт өте Ибраһим (ғ.с.) осы сөздерін ұмытады. Алла тағалаға дұға қылып салиөалы ұрпақ сұрайды. Тілегі қабыл болып Исмаил (ғ.с) туады. Баласы жанына еріп жүретін жасқа келгенде:

« Ибраһим уәдеңді орында, балаңды құрбандыққа шал!» –  деген түс көреді.

Бұл түс Алладан ба, әлде шайтаннан ба?– деп таң ата ойланады.

Екінші күні тағы дәл осы түсті қайталап көргенде Алладан екенін біледі. Бұл күнді «арафа» яғни «түсіну» күні деп атайды.

Үшінші күні тағы да сол түсті көргенде баласын құрбандыққа шалу керек екенін түсініп, Исмаилды құшағына алып, таң атқанша жылап шығады. Таң қылаң бере Ажар анамызға баланың жақсы киімдерін кигіздіріп, қолына арқанмен пышақ алып, үйінен Мина тауына қарай бет алады. Діттеген жеріне жеткенде пайғамбар (ғ.с.) баласына:

–        Шындығында түсімде сені құрбан қылып шалуға бұйрық алдым, не айтасың, – деп сұрағанда, баласы:

–        Әкешім, не бұйрық алсаң соны істе, Алла қаласа мені сабыр қылушылардың қасынан табарсың, –  деп жауап береді.

Баласының сөзін естіген Ибраһим (ғ.с.) дұғасының қабыл болғанына көзі жетіп, ізгі амалды ұрпақ берген Алла тағалаға мадақ айтып, шүкіршілік қылады. Исмаил (ғ.с.) әкесіне: «Менің өтініштерімді орындаңызшы. Оң қолымды жақсылап байлаңыз, шешіліп кетіп сізге тиіп кетпесін. Жүзімді төмен қаратыңыз, көзіме қарап әкелік мейіріміңізбен қолыңыз батпай мені құрбан қыла алмай қаларсыз. Киіміңіздің етек жеңін жиып алыңыз, қаным шашырап тиіп кетер және оны анам көріп жүрегіне қайғы кірер. Пышағыңыз мен көп қиналмайтындай өткір болсыншы. Көйлегімді анама апарыңыз,сағынғанда менен естелік болсын. Қолымды қалай байлап, қалай мені шалғаныңызды анама айтпаңыз, салем айтыңыз. Алланың бұйрығына бой ұсынсын және өзге балаларға қарамасын, мені еске  алып қайғырар», – деп соңғы сөздерін әкесіне жеткізеді. Ибраһим (ғ.с) баланы жатқызып, мойнынан пышақпен осып өткенде пышағы өтпейді. Қайталап тағы осады. Өтпейді. Керісінше пышағының жүзі қайтып қалады. Ызаланып пышағымен тасты ұрып қалғанда, екіге қақ бөлініп түседі. Ибраһим (ғ.с.): «Неге кеспейсің?» – деп пышаққа назаланғанда, Алла тағала пышаққа тіл бітіріп: «Сен кес дейсің, Раббым кеспе дейді, мен Раббыма бой ұсынамын», – деп жауап береді. Ибраһим (ғ.с.) пышақты баласының мойнына кезеген уақытта, Алла тағала періштелердің көздеріндегі пердені алып бүкіл періштелер осы оқиғаға куә болады. Осындай кереметті көрген періштелердін барлығы сәждеге құлайды.

Сонда Исмаил (ғ.с.): «Әке, тамағымнан өтпесе онда мойнымнан кес, періштелер көрсін менің қалай Алла тағалаға бой ұсынғандығымды», – дейді. Сол мезетте аспаннан бір аппақ бұлт түсіп қайта көтерілгенде ақ қошқар пайда болады. Алла тағаладан сол кезде уахи келеді: «Әй! Ибраһим (ғ.с.) уәдеңді орындадың, баланың орнына мына қойды жібердік, шал құрбандыққа!» – дейді. Сол заманнан бастап бізге құрбандыққа қой шалу уәжіп (міндет) болды.

 

ҚҰРБАН ШАЛУ КІМДЕРГЕ МІНДЕТ?

Құрбандық – Алла разылығы үшін берілетін діни амал, садақа түрі. Оны орындау – нисап (араб тілінен аударғанда «байлық мөлшері») мөлшері жетіп тұрған әр мұсылманның міндеті. Дәлірек айтқанда, 85 грамм алтыны немесе 595 грамм күмісі (1 340 620 тг) бар болуы тиіс. Жағдайы келмеген жамағатқа құрбан шалу міндет емес.

ҚҰРБАНДЫҚ МАЛЫНЫҢ БАҒАСЫН КІМ БЕЛГІЛЕЙДІ?

Түлік құны  жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Еліміздің әр аймағында баға әртүрлі. Мәселен, Қарағандыда орташа есеппен ешкі 60000 тг болса, Алматыда 47000 тг. Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУДЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ МЕН АЛҒЫШАРТТАРЫ

Қасапшы міндетті түрде мал союды жетік меңгерген кәмілеттік жасқа толған мұсылман болуы тиіс. Малды бауыздамас бұрын құбылаға қаратып «Биссмилляһи Аллаху Акбар» деп айту керек. Сондай-ақ, пышақты малдың көзінше қайрауға, екі малды қатарынан бауыздауға болмайды. Құран аяттарында құрбандыққа ешкі, сиыр, қой мен түйе шалынатыны жайлы жазылған. Кезінде дін жолында соғыс көп болған. Исламды қорғау үшін жамағат атқа қонды. Жылқы – көлік құралы ретінде қолданылды. Сол себепті, жылқы бұл тізімге енбеген. Құрбандыққа:

  • көзі соқыр;
  • ақсақ;
  • тістерінің кетігі бар;
  • мүйізі сынған;
  • құйрығы немесе құлағы кесілген;
  • лас нәрсемен қоректенген  мал жарамайды.

 

ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІ ҚАЛАЙ ҮЛЕСТІРІЛЕДІ?!

Құрбандық еті үшке бөлінеді. Бір бөлігі – отбасына, екіншісі – туған-туыс, көршілерге, үшіншісі – кедейлер мен мұқтаждарға. Қазақстан бойынша әлеуметтік жағдайы осал топтар құрбандық етін алу үшін www.qurban2022.kz сайты арқылы 9 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтінімдерін қабылдау, құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМБД-ның жергілікті өкілдері айналысады. Бұл жоба құрбан малын іздеуге уақыты жоқ жандарға өте ыңғайлы. Мұндай жүйе Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия сынды бірқатар елде бұрыннан қалыптасқан.

Келе жатқан  игілік пен мейірім мерекесі құтты болсын!

 

Сәния БАҚЫТҚЫЗЫ