Қарағандылық Диас Кенжебек Жапонияда өткен Азия Пара ойындарында үш медаль жеңіп алды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысының 22 жастағы жүзушісі Диас Кенжебек Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында екі күнде үш медаль — екі күміс және бір алтын жүлде иеленді. Спортшы Азия чемпионы атанып, құрлық рекордын жаңартты.

20 қыркүйекте Диас екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан қоржынына бесінші алтын медальді салды. S10 санатында 100 метрге арқамен жүзуден өткен финалдық жарыста қарағандылық спортшы жапониялық екі қарсыласынан озып, 1 минут 1,98 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Осылайша паражүзуші 1 минут 3,73 секундты құраған Азияның бұрынғы рекордын жаңартты.

Сол күні Диас Кенжебек 200 метрге кешенді жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Ал жарыстың алдыңғы күнінде 100 метрге еркін стильде жүзуден екінші орын иеленген еді.

Диас Кенжебек — есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол паражүзумен он жылдан астам уақыт айналысып келеді. Осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық жарыстарда көптеген жүлдеге қол жеткізген. Спортшыны Светлана Кучина жаттықтырады.