Павлодарда 4 жасар бала сегізінші қабаттан құлап, аман қалды

Фото: Gemini ИИ

Оқиға 9 қыркүйекте болған. 4 жастағы бала көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы пәтердің балконынан құлап кеткен. Сол кезде анасы кіші баласымен аулада болған. Ал, үйде қалған бүлдіршінге әпкесі қарап отырған, деп хабарлайды Liife09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Әпкесі басқа шаруамен айналысып кеткенде, қараусыз қалған бала балконға шығып, орындық арқылы кондиционер үстіне шыққан. Кейін ол құлап бара жатып, төмендегі кондиционер мен ағашқа соғылған. Бұл соққыны жұмсартқан болуы мүмкін.

Бүлдіршін шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның басынан, денесінен және ішкі ағзаларынан көптеген жарақат алғанын анықтаған. Қазір баланың жағдайы ауыр. Дегенмен есін біледі, қажетті ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер мұндай биіктіктен құлап, аман қалудың өте сирек кездесетінін айтады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында көпқабатты үйлердің терезесінен 10 бала құлаған. Оның үшеуі қаза тапқан.