Тұмауға қарсы вакцинация: маусымдық аурудан қорғанудың тиімді жолы

Сурет: ЖИ Gemini

Күз мезгілінің басталуымен жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың таралу қаупі арта түседі. Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін бұл инфекциялар кез келген жастағы адамға әсер етуі мүмкін. Алайда тұмаудың негізгі қауіптерінің бірі — аурудың ауыр асқынуларға әкелу мүмкіндігі. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар ерекше тәуекел тобында. Тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі — эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін жыл сайын вакцинациядан өту. Заманауи тұмауға қарсы вакциналар қауіпсіздігімен қатар, аурудың және оның асқынуларының алдын алуда жоғары тиімділік көрсетеді. Қарағанды облысында ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 173 000 дозасы сатып алынды. Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгерім Жылқыбаева вакцинацияның маңыздылығына тоқталып, оның ағзаны маусымдық аурушаңдық кезеңіне алдын ала дайындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Тұмауға қарсы вакцинация бір рет жүргізіледі. Вакцина алғаннан кейін 8–12 күн ішінде қорғаныш әсері қалыптасады, ал иммунитет 12 айға дейін сақталады. Сондықтан эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін вакцинациядан өту — тұмаудың алдын алудың маңызды шараларының бірі», — деді Айгерім Жылқыбаева. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған вакцинамен ең алдымен тәуекел тобындағы азаматтар егіледі. Олардың қатарында медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті және медицина қызметкерлері бар. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдерге, педагогтерге, әскери қызметшілерге, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдарға, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтарға тұмауға қарсы вакцинациядан өту ұсынылады. «Тұмаудың қауіптілігі оның тек дене қызуы, әлсіздік және басқа да негізгі белгілерімен ғана емес, сонымен қатар асқыну қаупімен байланысты. Сондықтан тәуекел топтарына жататын азаматтардың вакцинациядан уақытылы өтуі ерекше маңызды. Бұл аурудың ауыр өту және асқыну ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Департамент басшысының орынбасары. Тұмауға қарсы вакцинацияны тұрғылықты жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінен алуға болады. Бұдан бөлек, вакцинация жұмыс берушілердің қаражаты немесе азаматтардың жеке қаражаты есебінен де жүргізіледі. Осыған байланысты ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына қызметкерлерді маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру ұсынылады. Ұжым мүшелерін уақтылы иммундау инфекцияның таралу қаупін азайтып, аурушаңдықтың маусымдық өсуі кезеңінде ұйымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес тұмауға қарсы вакцинация инфекцияның алдын алудың қауіпсіз әрі тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Мамандар тұрғындарды тұмау маусымына алдын ала дайындалып, вакцинациядан уақытылы өтуге шақырады. Аурудың алдын алу — асқынудың алдын алудың және өз денсаулығыңызбен қатар айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғаудың маңызды қадамы.