BANNER

Қарағанды елдегі сауда-логистикалық орталыққа айналуда

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысы онлайн-сату бойынша еліміздегі көшбасшылар үштігінде. Бүгінгі таңда өңірде бірнеше танымал электрондық алаңдар жұмыс істейді, олардың ішіндегі ең ауқымдысы – өткен жылдың қарашасында ашылған Teez маркетплейсі. 

Қазірдің өзінде оның базасында 350 адам жұмысқа орналастырылды, ал болашақта бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс орындарының санын 8 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Teez маркетплейсі кәсіпкерлерге заманауи инфрақұрылымдық және логистикалық ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, сатуды ұйымдастыруды және сатып алушылармен өзара іс-қимылды жақсартуға жол ашады. Бұл платформаға Қарағанды облысынан мыңнан астам бизнесмен қосылды.

Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Абзал Рахымбаев жаңа цифрлік құралдар жергілікті бизнесмендерге ұлттық нарыққа шығуға мүмкіндік беретінін, жәнеде сол кәсіпкерлерді қолдауға баса назар аударылатынын айтады.

– Біздің басым міндетіміз – тек реселлерлерді ғана емес, жергілікті өндірушілерді де қосу. Олар үшін бұл тамаша мүмкіндік, – деп атап өтті Абзал Рахымбаев.

Электрондық сауданы дамыту логистика, курьерлік қызметтер, қоғамдық тамақтану сияқты аралас салаларға да оң әсер етеді, шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Қазір Teez маркетплейсімен бүкіл Қазақстан бойынша 22 мың тауар сатушы ынтымақтастық құрған.

– Біздің маркетплейстің ерекшелігі – орталықтандырылған логистикалық тәсілді пайдалану: тауарлар Қарағандыдағы негізгі қоймада жиналады, онда өңделеді және Қазақстан бойынша алушыларға бір күн ішінде жіберіледі, – дейді Teez қойма логистикасы басқармасының басшысы Антон Иванов. – Қарағанды еліміздің орталығында болуының және елордаға жақын орналасуының арқасында тамаша логистикалық инфрақұрылымға ие, бұл елдің кез келген нүктесіне тауарларды тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, облыс орталығы еліміздің негізгі сауда-логистикалық хабының біріне айналып келеді.

Қарағанды облысының әкімдігі