Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау – қазіргі заманның басты талабы екенін айтты. Президенттің пікірінше, «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары бүгінде ажырамас түсінікке айналған.
– «Бүгінгі таңда инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуі жаңа технологиялық дәуірдің басталғанын көрсетеді. Біз жаһандық үрдістерге бейімделуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, цифрландыру білім беру саласындағы теңсіздікті жоюға және оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған, ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу.
– «Бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды қағидаты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балаларға қолайлы инклюзивті орта қалыптастыруда жаңа технологиялардың рөлі зор екенін атап өтті. Бүгінде мектепке немесе колледжге қабылдау, сондай-ақ басқа мектепке ауысу қызметтері толығымен цифрлық жүйеге көшірілген. Сонымен қатар, Электронды үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы Bilim қызметі іске қосылып, білім саласына қатысты барлық қажетті ақпарат қолжетімді болып отыр.
Дереккөз: Aqorda.kz