Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында білім беру саласының ел дамуындағы рөліне ерекше тоқталып, ұстаздардың қоғам алдындағы миссиясын жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, білім мен ғылым – Қазақстанның жарқын болашағын айқындайтын басты фактор.
– «Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздықты жай мамандық емес, ұлы миссия деп атап өтті. Оның айтуынша, мұғалімдердің еңбегі – тұтас ұлттың тәрбиесі мен болашағы үшін аса маңызды.
– «Сіздер жас ұрпаққа білім ғана емес, бағыт беріп отырсыздар. Қазақстанның жарқын келешегі сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты», – деді ол.
Президент Тамыз конференциясы аясында бірқатар педагогке мемлекеттік награда тапсырылғанын мәлімдеді. Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
– «Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық. Жаңа оқу жылы табысты болсын!» – деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: Aqorda.kz