BANNER

Қарағандылықтар "Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының Гран-при иегері атанды

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің тәрбиеленушілері "Айбын" Х Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының Гран-при иегерлері атанды. 

Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан құрамаларынан 750 адам бір апта бойы әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарысты.

Қарағандылықтар "Айбын дарыны" зияткерлік байқауында және пневматикалық мылтықтан атуда бірінші орын алып, жалпы есепте үздік атанды. 

Белтемірде тартылу және автоматты құрастыру-бөлшектеуде екінші орын. Әскерилендірілген эстафетада және арқан тарту бойынша үшінші орынға ие болды.

Жиын ережесі бойынша бас жүлдені өз санаттарындағы үздік командалар қатысқан "Күшіміз бірлік" финалдық ойынының жеңімпазы алады. Бұл экстремалды жарыста Қарағанды қаласының Талғат Бигелдинов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің құрамасы жеңіске жетті.

"Жас ұлан" мектептері арасында жалпы командалық есепте 1-орын үшін қарағандылықтар велосипед сертификаттарымен марапатталды, ал Гран-при ретінде олар мүкәммалмен жабдықталған спорт сыныбына сертификат алды.

– Біз Гран-при жеңіп алдық. Бұл оңай болған жоқ. Жеңіс үшін Астанадан келген әскери колледж өкілдерімен күрестік. Қарсыластар мықты болды, бірақ біз бас жүлдені жеңіп алдық, – дейді Қарағандының "Жас ұлан" республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Алмас Есмағамбетов.

Қарағанды "Жас ұлан" мектебінің бастығы подполковник Жанат Бағжанов жеңімпаздарды құттықтап, ата-аналарына балаларды патриотизм рухында тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табыс етті.

Әскери-патриоттық жиын Құрлық әскерлері Әскери институтының Алматы қаласындағы "Әли" оқу орталығында өтті және Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың № 1 Халық қаһарманының туғанына 100 жыл толуына орайластырылды.