BANNER

Ақмола облысында екі апта бұрын жоғалған жас жігіт даладан өлі табылды

pixabay.com

Ақмола облысында 14 қараша күні жоғалған 24 жастағы тұрғынды іздестіру жұмыстары тоқтатылды. Оның денесі даладан табылды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Өңірлік полиция департментіне сілтеме жасап.

"Р.А. ұшты-күйлі жоғалғаны туралы ақпарат биыл 19 қарашада Біржан сал атындағы аудандық полиция бөліміне түскен. Туыстарының айтуынша, 24 жастағы азамат 14 қараша күні жоғалған. Алайда туыстары бастапқы күндері өз бетінше іздеу жұмыстарын жүргізіп, тек бесінші күні ғана полицияға жүгінген. Ата-анасы жоғалған жігіттің осыған дейін көрші ауылдағы туыстарына қыдырып барып жүргенін айтқан.

Жедел түрде іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері мен еріктілерден арнайы топ құрылған. Олар орман массивтерін, даланы және жақын маңдағы елді мекендерді аралаған. Іздестіру аумағын көбейту үшін дрондар мен қызмет көлігі пайдаланылған", - делінген хабарламада.

Із-түзсіз жоғалған азаматтың денесін полицейлер тапты. Алғашқы тексеруде оның үсіктен қайтыс болғаны анықталды. Өлімнің нақты себебін сараптама анықтайды.