BANNER

Балқашта рұқсат етілмеген қоқыс полигондары жойылып, жаңа контейнерлер орнатылуда

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Балқашта қала мен оған іргелес елді мекендерді тазарту жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде коммуналдық қызметтер 12 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықты шығарып, ондаған жаңа контейнер алаңдарын орнатты. Сондай-ақ көше урналары жаңартылып, қоқыс жинауға арналған заманауи контейнерлер орнатылуда.

Негізгі жұмыстар «Қонырат» шағынауданынан шамамен сегіз шақырым жерде жүргізілді. Мұнда жалпы аумағы 15 мың шаршы метр жер тазартылып, 11 мың тонна қоқыс шығарылды. Қала аумағында жиналған тағы 800 тонна қалдық полигонға жөнелтілді. Ал Тораңғылық кентінде төрт гектар аумақ тазартылып, 300 тонна қоқыс шығарылды. Қосымша анықталған рұқсатсыз полигондарға байланысты тазарту жұмыстарына тағы бір мердігер ұйым тартылды.

— Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою – бұл жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Біздің басты мақсатымыз – ластанған аймақтарды тазарту ғана емес, жаңа қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу. Біз абаттандыру және санитарлық тазалау шараларын үздіксіз жалғастырып келеміз. Сондай-ақ тұрғындарды заңсыз қоқыс тастау фактілері туралы хабарлауға шақырамыз, — деді Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Берік Бекмағамбетов.

Коммуналдық қызметтер тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қалдықтарды жинау инфрақұрылымын да жаңғыртуды қолға алған. Қала бойынша 58 жаңа контейнер алаңы салынып, 275 мырышталған контейнер орнатылды. Ескі урналарды алмастыру үшін 377 металл урна сатып алынды. Қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындарына 170 жаңа урна орнатылды.

Сонымен қатар, 280 литрлік 140 маусымдық пластикалық контейнер сатып алынды. Олар жаз айларында қалалық жағажайда, жағалауда, Balkhash TourFest–2025 фестивалі өтетін алаңда, сондай-ақ Шұбартүбек пен Тораңғылық кенттерінде және «Барковское» демалыс аймағында орнатылады. Бұған қоса, коммуналдық кәсіпорындарға сыйымдылығы 1,1 текше метр болатын 20 пластик контейнер берілді.

Балқаш қаласында абаттандыру мен санитарлық тазалау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.