BANNER

Ғұсман Қырғызбаев: Елдос екеуміз бесік құдамыз, ол менің кішкентай қызыма сырға салып қойған 

Insta: gusman_kyrgyzbayev

Күні кеше дзюдодан қола медаль жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаев Елдос Сметов екеуі бір-біріне бесік құда екенін айтып берді. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Елдос екеуміз бір-бірімізге құдамыз. Бір күні Елдос әйелі мен баласын алып, үйіме қыдырып келді. Әңгіме арасында Елдос маған «екеуміз қаншама уақыттан бері бірге күресіп, бірге келе жатырмыз. Қайда барсақ та бірге барамыз. Оқу-жаттығу жиындарына да, жарыстарға да бірге аттанамыз. Арамыздан қыл өтпестей доспыз. Бірдеме айтсам ренжіп қалмайсың ба» деді. Көңілімде ештеңе жоқ, бірден «айта бер, ренжімеймін» дедім.

«Екеуміздің достығымыз мәңгілік болсын. Сенде қыз бар, менде ұл бар. Сенің қызыңа ұлымды қазақы дәстүрмен атастырғым келіп отыр. Бүгінгі достар болашақта құда-құдағи болайық» деді. Ауызым ашылып, көзім бақырайып тұрып қалдым. Ол маған «сол күнге жеткізсін демейсің ба? Мен сырғамды алып келдім» деп қызыма сырға тақты. Осылай екеуміз қазір бір-бірімізді көрсек «құдеке» деп сөйлесеміз», — деді Ғұсман Қырғызбаев.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Қырғызбаев Париж Олимпиадасында 66 келі салмақта қола медаль жеңіп алған болатын. Ал, Елдос Сметов болса олимп шыңын бағындырып, алтыннан алқа тақты.