BANNER

Қыстың қамын жазда ойла: Қарағандылықтарға ертерек көмір түсіріп алған тиімді

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында энергия көздеріндегі жабдықтарды жөндеу жалғасуда. Барлық станциялар көмір жеткізуге келісім-шарттар жасасты, қоймаларға отын әкелу басталды. Облыс тұрғындарын да көмірді уақтылы сатып алуға шақырады.

– Алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау 78% құрайды. 472 бірлік жергілікті жылу көздері, 1800 шақырымнан астам инженерлік желілер, 894 әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар және 4388 көпқабатты тұрғын үйлер дайындығы қамтамасыз етілді, – деп хабарлады энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте.

Облыстың энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жалғасуда, көмір мен мазут сатып алынады. Жергілікті көздер мен халықтың қажеттіліктері үшін көмір жинақталуда. Өңір басшысы бағаны көтеру туралы сөз байласу болмас үшін сату пункттерін бақылауды тапсырды.

Сондай-ақ, жылыту маусымына дайындық барысы туралы қала әкімдері есеп берді.

Қарағандыда екі ЖЭО-да 9 қазандық пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде, деп хабарлады Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов.

– Қалада барлық қайталама гидравликалық сынақтар өткізілді. Қазір анықталған ақаулар жойылуда. 2582 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен 1938-і қысқа дайын. Бірқатар проблемалық үйлер анықталды - олардың саны 15, бұл үйлер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандар үшін сатып алынатын көмірдің сапасын тексеру жөніндегі комиссия құрылды, – деді Мейрам Кожухов.

Биыл үшінші жылу шығару құбырын іске қосу көзделіп отыр. Шамамен 3 км желіні төсеу және қысымын тексеру мен толтыруды бастау ғана қалады.

Биыл орталық жылытуға үш әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысан және Пришахтинск шағын ауданындағы Шахтерский кентінің 40-қа жуық тұрғын үйі қосылады.

Өңір басшысы басқарма басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдердің мойнына жылу беру маусымына дайындық кезінде әр мәселеге дербес жауапкершілік артылатыны туралы еске салды.

– Жылумен жабдықтау мәселелері ерекше бақылауда. Сіздердің әрқайсыларыңыз жеке жауап бересіздер. Күзгі-қысқы кезеңге тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мкн тұрғын үй қорын сапалы даярлауды қамтамасыз ету қажет. Көмірді жергілікті жылу көздеріне уақтылы жеткізуді ұйымдастыру керек. Халықпен көмірді алдын ала сатып алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Энергетикалық қадағалау департаменті станциялық жабдықтар мен электр беру желілерінің жылу беру маусымына дайындығын ерекше бақылауға алуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.