Шахтинск қаласында 15 жас кәсіпкер өз ісін ашуға қала әкімінің гранты бойынша 1,5 миллион теңгеден қаржылай қолдау алды. Биылғы байқауға барлығы 30 өтінім түскен.
– Комиссия жобаларды бес негізгі өлшемшарт бойынша іріктеді: идеяның түпнұсқалығы, бәсекеге қабілеттілігі, іске асыруға дайындық деңгейі, нарықтағы сұраныс және әлеуметтік маңыздылығы. Сонымен қатар қосымша талаптар да болды: соңғы үш жыл ішінде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаттың және «тіркелген жұмыссыз» мәртебесін растайтын анықтаманың болуы. Әр осындай құжатқа бір қосымша балл берілді, – деп түсіндірді Шахтинск қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Айтуар Қуат.
Байқау нәтижесінде гранттар бірнеше елді мекеннің жастарына бұйырды. Шахан кентінде ағылшын тілі кабинеті мен кондитерлік дүкен ашылады. Новодолинск ауылында бейнелеу өнері студиясы жұмысын бастаса, Долинка кентінде қой шаруашылығын дамытуға бағытталған шағын кәсіпорын құрылады.
Шахтинск қаласының өзінде де бірнеше жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Грант иегерлері балаларға арналған шаштараз, білім беру орталығы, массаж және ультрафорез кабинеті, сондай-ақ қыш өнері шеберханасын ашуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, грант қаражаты есебінен дыбыс жазу студиясы мен қант диабетіне шалдыққан азаматтарға қызмет көрсететін подологиялық орталық ашылады. Қалада екі тігін ательесі іске қосылмақ, оның бірі ұлттық нақыштағы киім тігумен айналысады.
Мұндай бастамалар жастардың өз идеясын жүзеге асырып, кәсібін дамытуына мүмкіндік беріп қана қоймай, Шахтинск қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да үлес қосады.
