Қазіргі қазақ киносы қоғамға серпіліс бере ала ма?

ғаламтор

Мағжан Асқар

Қазіргі қазақ киносы қоғамға серпіліс бере ала ма?

          Кино индустриясы – идеологияның қуатты құралы. Ол өзінің осы күнге дейінгі бір ғасырдан астам тарихында мұны талай мәрте дәлелдеген. Көпшіліктің назарындағы фильмдердің қашан да қоғамдық ойды қалыптастыруда үлкен ықпалы бар. Олар тұтас буындарды тәрбиелейді. Әсіресе, жаңа дүниені тез қабылдап алуға бейім жастардың дүниетанымына кинотуындылардың әсері айрықша.

          Көрген фильміңіздегі бас кейіпкерді өзіңізбен салыстырып, кинотеатр залынан осыған дейін кешкен өміріңізді, не істеп жүргеніңізді ой елегінен өткізіп, кірген мезеттегіден мүлде өзге болмыспен шығатын хал сізге таныс шығар? Бойыңыздағы бірдеңені өзгерткіңіз келетін еді ғой. Міне, кинотуындының адам санасына серпіліс әкелу жолы осындай.

          Айталық, 2000 жылдары Ресейде танымал болған «Бригада» сериалы шыққан тұста ел аумағында жасөспірімдер қылмысының деңгейі күрт өсіп кеткені байқалған. Ал құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын көрсеткен «Глухарь» және «Опера» сериалдары теледидардан беріле бастағанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайып кеткен екен. Тіпті, полицияда қызмет еткісі келетін жас жігіттер көбейген.

          Біз осы бір эффектіні тарихи жайттардың барысында көз жазып қалған көп құндылығымызды қайта жаңғыртуды бағыт етіп алған ұлт ретінде оңтайлы пайдалануға тиіс едік. Алайда, өкініштісі, бұл жағдайды сәтті пайдаланғанымыздың мысалы жоқ десе де болғандай. Оның орнына бірінен соң бірі толастамайтын арзан комедияларды шығардық. Не қазақтың шым-шытырық туыстық желісін, не ауылдан қалаға келген қазақты, не той тақырыбын езіп жүргенімізге осымен неше жылдың жүзі болды. Әрине, қазақ киносының жетістігі деуге тұрарлық жақсы туындылар санаулы болса да бар. Бірақ бүгінде шығып жатқан қазақ киносындағы он дүниенің тоғызы – осынау тілі орысша, қазақша аралас мәнсіз күлдіргілер екеніне халық куә. Интеллектуалды киноны түсінбейтін, не берсе соны жұта беретін меңіреу аудиторияны онжылдықтар бойы жүйелі түрде қалыптастырып келеміз. Мұндай аудиториядан ғаламдық мәселені шешетін ғалым, ағысқа қарсы жүзген ақын, халқын қайраңнан шығаратын қайраткер шықпайды.

          Ал енді жоғарыда айтып өткен эффект жүзеге асса, қоғамдық санамызға қаншалық нұқсан келгенін бағамдай беріңіз. Қазақ киносы сапалық тұрғыда өспей, бұрынғыша жалғаса берсе, әлемде көтеріліп жатқан озық ойларға ілесе алмай, интеллектуалды деңгейге со беті шыға алмай кетуіміздің қаупі үлкен. Өйткені, «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң» рухында тәрбиеленген тобыр буын өзінен кейін дәл сондай буынды тәрбиелейді. Осылай кете бермек, бұл жалғастықтың үзілуі екіталай. Интеллектуалды деңгейді былай қойғанда, тілі «шұбар ала» комедияларды ұлттық бірегейліктің үстіне төнген қара бұлт деп білу керек. Мұндай кино азаймаса, оның бас кейіпкерлерін жақсы көріп өскен ұрпақтың орысша аралас, былапыт сөзге «бай», былғаныш тілді қалыпты дүниеге балап кететініне, содан соң оны өзі де тұтынатынына күмәнданбай-ақ қойыңыз.

Ал сіз қазір көріп жүрген дүниелеріңіздің өзіңізге қалай әсер етіп жатқанына ой жүгіртіп көрдіңіз бе?

P.s. Иә, саннан сапаға көшіп, ұлттық рух, ұлттық болмысты жаңғыртатын, ұлт тарихын қаны сорғалаған шындықпен көмкерген көркем туындылар жасауға жаңаша ойлайтын, кеудесі таза жас толқынның потенциалы жеткілікті. Жуырда ғана көрерменге жол тартып, қоғамда дүмпу туғызған, санаға сілікініс жасап, үлкен сұранысқа ие болған «Міржақып. Оян, қазақ» фильмі – осыған дәлел. Тек осы қадам арқауын үзбей, баянды жалғасын тапса дейміз.