BANNER

Қазақстанның коллекциялық монетасында қарағандылық суретшінің туындысы бейнеленді

Сурет: gov.kz

Қазақстан Ұлттық Банкі World painting халықаралық арт-жобасы шеңберінде коллекциялық монеталар шығарады. Дизайн негізіне белгілі қарағандылық суретші және халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков салған бейбітшілік көгершінінің суреті салынған.

World painting арт-жобасының авторы – белгілі қоғам қайраткері Дәуіт Шайхисләмов. "Әлем суретін" салу идеясы Дубайдағы EXPO-2020 көрмесінде пайда болды. Кенепте 200-ге жуық елден келген 2070 адам өз қылқаламының ізін қалдырған. Суреттің өлшемі – 4x1, 27 м.

– Жоба Дубайдағы қазақстандық көрме павильонында басталды, – дейді Кәріпбек Күйіков. – Идеяға сай, суретшілер "Әлем суретін" бірлесіп салуы тиіс болды. Кенепке көптеген ұлттардың қарапайым және танымал адамдары үлес қосты. Сурет Америкада, Францияда қойылды. Астанада жобаның тұсаукесері кезінде мен ойламаған жерден бейбітшілік көгершінін салдым. Бұл ойдың туындауына мен бейбітшілікті қалайтын көптеген адамдарды көргенім түрткі болды деп ойлаймын. Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеев зәйтүн бұтағын салған. Енді міне бұл әдемі және өзекті сюжет тиын бетіне басып шығарылды. Мен өте қуаныштымын.

Жобаның өзі Гиннесстің рекордтар кітабына енді, ал "Әлем суретінің" көшірмесі Халықаралық ғарыш станциясына жіберілді.