BANNER

Ресей Қазақстанда АЭС салу жөніндегі халықаралық консорциумға қосылуға дайын екенін мәлімдеді

pixabay.com

Ресей Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Ақпаратты Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанаға сапары барысында айтты.

"Ресей АЭС құрылысына қатысты өз ұсыныстарын дайындап қойған. Біз президент Тоқаев өткізген референдумды бақылап, оның атом энергетикасын дамыту жоспарларына қолдау көрсеттік. "Росатом" бұл мәселені қазақстандық достармен бірлесіп шешу үшін өз құзыретін толық қамтамасыз етуге дайын. Біз басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен және құрылымдарымен ынтымақтастыққа дайынбыз", – деді Лавров.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айының басында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша халықаралық консорциум құру қажеттігі туралы айтты. Дегенмен ол консорциумға кім және қандай жағдайда кіре алатынын нақтыламады.

Қазақстан ықтимал технология жеткізушісі ретінде төрт компанияны қарастырып жатыр. Олар, ресейлік "Росатом", Қытайдың CNNC, Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары.

Еске салайық, мемлекет басшысы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін хабарлаған еді.

6 қазанда елімізде АЭС салу бойынша референдум өтті. Алғашқылардың бірі болып премьер-министр дауыс берді. Кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Сосын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп дауыс беріп, қазақ халқына бақыт тіледі.

Орталық референдум комиссиясы әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының дерегін беріп отырды.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, тізімге енгізілген азаматтардың 63,87%-ы бюллетень алды. Яғни дауыс беруі керек болған 12 244 683 адамның 7 820 918-і дауыс берді.