BANNER

12 млн тұратын VIP қажылыққа қазақстандықтар қалай барып жүр?

.

2023 жылы Қазақстаннан қажылық парызын өтеуге 4 000 адам барады деп жоспарланған, - деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Сауд Арабиясы Қазақстанға 4000 квота бөлген болатын. Мұнда құлшылық қызметтің түрлері көп екені белгілі. Дегенмен қажылыққа аттанарда VIP қызметін пайдалануға болатынын бірі білсе, бірі білмес. Тіпті отандастарымыз арасында осынау қызмет түрін алатындар қарасы көп.

Қажылық - ислам дініндегі қасиетті бес парыздың бірі. Бір аптаға жуық созылатын уақытта мұсылмандар Мина жазығында бірнеше күн өткізіп, Арафат тауында мінәжат етіп, Мұздалифада түнеп, шайтанға тас ату рәсімімен аяқтайды. 20 күндік сапар кезінде қазақстандықтар Мәдина қаласында да бірнеше күн өткізіп, Пайғамдар (с.ғ.с.) мешітіне бару мүмкіндігі туындайды. Сондай-ақ Мекке-Мәдинә қалаларындағы қасиетті орындарға экскурсия ұйымдастырылады.

Мекке – барша мұсылмандар үшін қасиетті орын, оның киелі болғаны сонша, мұнда басқа дін өкілдерін кіргізбейді. Ислам дінін ұстанушылар Аллаһты мадақтап, парыздарын өтеу үшін Меккеге жиналады.

Қажылық – Аллаһтың алдында барлығының тең екендігін көрсететін рәсім. Дегенмен соңғы жылдары елімізде қажылықтың "VIP қажылық" түрі қолданысқа енді. VIP қажылықтың қарапайым қажылықтан айырмашылығы –  оның уақытының қысқа болуында. Мәселен, қарапайым қажылық кезінде жол жүру уақыты 20 күн болса, VIP қажылықта жеті күнге ғана созылады.

 VIP қажылыққа қандай қызмет түрлері кіреді?

Туристік агенттіктердің айтуынша, VIP қажылық бағасы 26 000 – 27 000 доллардан (шамамен 12 миллион теңге) басталады.

Агенттік өкілдерінің сөзінше, қарапайым қажылыққа баратындар біраз уақытын жағдайға, климатқа бейімделуге, сондай-ақ дін туралы білім алуға жұмсайды. Ал VIP қажылықпен баратындар бұрын қажылық жасаған адамдар. Сондықтан оларға дайындықтан өтудің қажеті жоқ.

VIP қажылар үшін ең алдымен қызметтің сапасы мен ыңғайлығы маңызды. Сол себепті оларға 10 орындықты ұшақ жалданатын көрінеді.

Сондай-ақ оларды әуежайдан арнайы көліктер алып кетеді. Сонымен қатар, қарапайым бюджеттік қонақүйлер әл-Харам мешітінен үш шақырым қашықтықта орналасса, VIP қажылар тұратын қымбат қонақ үйлер киелі орыннан 50 метрдей жерде ғана орналасады екен. Қажылық рәсімдерін орындайтын жерлерге қонақ үй жақын болған сайын оның бағасы 20-30 есеге қымбат болады. Ал, алыстаған сайын бағасы да арзан.

VIP қажылар Қағба мен қалаға қарайтын 120 шаршы метрлік президенттік люкстерде тұрады. Мәселен, қажылық сапарға жөнелтетін қазақстандық турагенттіктермен бірлесіп жұмыс істейтін қонақүйлердің бірі – Dar Al Taqwa Hotel.

Бұл жерде бизнес люкстердің бір түндік құны 167 мың теңгеден, ал корольдік люкстердің бір түні 597 мың теңгеге дейін жетеді.

Тағы бір қонақүй – Makkah Clock Royal Tower, A Fairmont Hotel. Бұл жерде бір қонақүй номері – 210 мыңнан басталса, Қағбаға көрініп тұратын корольдік люкстердің бір түні 1 328 261 теңгеге дейін жетеді. Одан бөлек қонақ үйлерде санаторийлер, қоғамдық моншалар мен спорт залдар бар.

VIP қажылыққа барушыларда ыңғайлы рейс пен жақсы қонақ үйден басқа да көптеген ыңғайлы жағдайлар қарастырылған.

Мысалға, қажылық кезінде Меккенің маңындағы Мина алқабына барғанда қажылар шатырларда тұрады. Мәселен,  бюджеттік шатырларда тұрушылардың дәретханасы көшеде орналасады, тамақ берілмейді. Ал VIP қажыларда керісінше жағдай жасалған. Шатырларда диван, дәретхана және үш уақыттық тамақ оның ішіне швед үстелі де кіреді.

Сонымен қатар Арафат тауына келуде де айырмашылықтар бар. Оған жеткенше қалталылар арнайы желдеткіш орнатылған тасығыштарда отырады. Тамақтану да қарастырылған. Бұдан өзге көптеген турагенттіктер VIP-қажыларға гидтің қызметін ұсынады.

Шариғатта VIP қажылыққа рұқсат етілген бе?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлиевтің айтуынша, жыл басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған арнайы қажылық комиссиясы қажылықпен айналысатын туристік фирмалар арасында арнайы конкурс жариялаған.

“Сол конкурстың талаптарында бірнеше критерийлер бар. Ол талаптарды Сауд Арабиялық корольдігі ұсынады. Оның ішіндегі басты талап – қажыларға қолайлы жағдай жасау, қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы талаптарға сәйкес 18 тур фирма комиссияның шешімімен қаржыларға қызмет көрсетуге лайықты деп табылды. Яғни оларға қажылықпен айналысуға рұқсат берілді. Енді біз қазір нарық заманында өмір сүріп отырмыз ғой. Діни басқарма қажылықтың бағасына араласпайды. Ол біздің құзіретіміздегі мәселе емес. Әр компания қызмет түрін өздері ұсынады. Мәселен, жоғары баға болса қызметтің түрлері де соған сәйкес болады. Қонақ үй, әуе тасымалы, тамақ мәселесі осының бәрі қызмет түрлеріне кіреді”, – дейді Бауыржан Әбдуәлиев.

life09

ҚМДБ өкілі қажылыққа баратындардың өздеріне ыңғайлы пакет таңдауға құқылы екенін айтады.

“Біреулерге эконом пакет ұнайды, олар өздерінің қаражатына мүмкіндігіңе сай соны таңдайды. Жағдайы бар кісілер одан да жоғары пакетті таңдайды. Сәйкесінше тамағы, қонақ үйі, қызмет түрінің сапасы жоғары болады. Таңдау әркімнің өз еркінде, біз қажыларға мына пакетті таңда, болмаса бағасы жоғары пакетті таңда деп нұсқама бере алмаймыз. Әркім өзінің таңдауына байланысты қажылық түрін таңдайды. Бұл жердегі діни басқарманың негізгі мақсаты –  қажылардың дұрыс құлшылық жасауына ықпал ету, шариғат талабына сай қажылықтың дұрыс орындалуын қадағалау”, – дейді ол.

Қажылықтың шарттары қандай?

Сонымен қатар Бауыржан Әбдуәлиев қажылық жасау парыз болуы үшін төмендегі шарттардың табылуы тиіс екенін айтты.

Ақыл-есі дұрыс болу;

Балиғатқа жеткен болу;

Мұсылман болу;

Бас бостандығы болу;

Керекті қажеттіліктерінен басқа қажылыққа барып-келгенше өзінің қарамағындағы отбасы мүшелерінің күн көрінісіне жетерлік қаражатының болуы;

Қажылыққа жеткізетін өз жағдайына сай көлік және жол шығындарын өтейтіндей ақшасы болу;

Аталған жоғарыдағы шарттардан басқа қажылық міндетін орындау үшін мына шарттардың да болуы керек. Бұлар қажылықты атқарудың шарттары деп аталады:

Тән жағынан сау болу: (зағип, әлсіз, қажылық сапарына төзе алмайтындай ауру немесе қарт болмау).

Қажылыққа баруына кедергі жоқтығы (мысалы, түрмеде болу сияқты).

Жол қауіпсіздігі.

Күйеуі өлген немесе ажырасып кеткен әйелдердің ғиддәт күндері мерзімінің толуы.

Ислам дінінде қажылықты басқа адамның атынан өтеуге рұқсат етілген бе?

Бауыржан Әбдуәлиевтің айтуынша жалпы шариғатымызда адам шамасы жетіп тұрса қажылықты өзі өтеуі керек. Алайда қажылық өтеуге денсаулығы жарамаса, орнына бір адамды уәкіл етіп, қажылық құлшылығын жасатуға рұқсат. 

“Жуһәйна тайпасынан бір әйел Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп: "Менің анам қажылық жасауға нәзір еткен (уәде берген) еді. Бірақ қажылығын жасай алмай дүниеден өтті. Оның орнына қажылық жасайын ба?" деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): "Иә, оның орнына қажылық жаса! Егер анаңның қарызы болса өтер ме едің? (Қажылық та Алланың ақысы) оны өтеңдер. Алланың ақысын өтеу лайықтырақ" деді" (Муслим)”, – дейді ол.  

Біреудің атынан қажылық жасау дұрыс болу үшін мынадай шарттардың табылуы тиіс: 

Ол адам өлгенге дейін қажылықты өзі өтеуге шамасы келмеуі. Мысалы көзі соқыр, сал ауруы сияқты аурулармен ауырса және қария адам болса.

Қажылықты кімнің атынан жасап жатқан болса сол кісінің бұйрығымен, рұқсатымен жасау керек. Ниет қылғанда да пәленшенің атынан, егер атын ұмытып қалған жағдайда бұйырушының атынан деп айтады. Егер оның рұқсатынсыз болса парыз қажылығының орнына жүрмейді.

Қажылық шығынының барлығын не көпшілігін қажылық атынан жасалатын адам беруі керек.

Қажылық парыз болған адамның тұрған жерінен сапарға шығуы керек.

Егер қажылықты өтеу бір адамға жүктелсе, ол оны екінші адамға тапсыруына болмайды.

Қажылықты басқа адамның атынан орындаушы тапсырушы адамның бұйрығына сай орындайды. Мысалы қиран, ифрад, таматтуғ қажылығын қайсысын бұйырса соны орындауы керек.

Екі адамның атынан бірдей қажылықты орындай алмайды.