Qarmet компаниясы коксты және отқа төзімді материалдарды өндіруге арналған технологиялық шешімдерді жобалау мен жеткізуде әлемдік көшбасшы саналатын ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co. компаниясымен жаңа кокстық батареялар салу бойынша бас келісімшартқа қол қойды.
Бұл оқиға Qarmet металлургиялық комбинаты аумағында кокстық қондырғылардың ауқымды құрылысының басталғанын білдіреді. №8–9 батареялар жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, 1960-жылдары салынған және пайдалануға жарамдылық мерзімін толықтай өтеген №1–4 ескі агрегаттарды кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару жоспарланған.
Жоба 2024 жылғы 5 қарашада ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қытай Халық Республикасына сапары аясында қол қойылған кокстохимиялық өндірісті жаңғырту және көмір химиясын дамыту жөніндегі келісім шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл құжат Қазақстандағы коксхимия өндірісін жаңартуға арналған 649 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаның негізіне айналды.
– Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда зор әлеуетке ие. Біз бірге жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыра аламыз. Бұл үшін транзиттік әлеуетті кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және іскер топтар арасындағы байланыстарды дамыту бағытында белсенді жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті Бектенов екі елдің бизнес өкілдерімен кездесуде.
Аталған жобаны қолдау мақсатында 2025 жылғы 17 наурызда Пекин қаласында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен ACRE директорлар кеңесінің төрағасы Ян Чжунъи арасында кездесу өтті. Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының ағымдағы кезеңдері талқыланды.
ACRE — Қытайдың ірі мемлекеттік компаниясы, коксхимия өндірісі мен отқа төзімді материалдар саласындағы жобалау және консалтинг бойынша жоғары халықаралық беделге ие. Компания Қытайдағы ірі металлургиялық кәсіпорындар нарығының 95%-дан астамын қамтиды. ACRE 1000-нан астам инжинирингтік және консалтингтік жобаны, сондай-ақ 130-дан астам бас мердігерлік жобаларды сәтті аяқтаған.
Қазақстанда жаңа кокстық батареялардың құрылысы 2025 жылғы 1 маусымда басталады деп жоспарланған. Жобаны толық іске асыру 2028 жылға дейін аяқталуы тиіс.
– Qarmet компаниясымен бірге біз Қазақстан металлургия тарихының жаңа парағын ашып отырмыз. Кокс батареялардың құрылысы тек технологиялық жабдықтарды жаңғыртып қана қоймай, өндірістің экологиялық тиімділігін арттырып, кері кокс газының қолданылуы арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл біздің қызметкерлеріміз үшін қолайлы жағдай жасайд. Біз комбинатты жаңарту жұмыстарын жалғастырамыз – алда әлі көптеген маңызды қадамдар бар, – деді Qarmet компаниясының Бас директоры Вадим Басин.
Заманауи кокс батареялар құрылысын еңбек ұжымы мен «Жақтау» металлургтер кәсіподағы да қолдап отыр. Олар жұмыс істеп тұрған агрегаттардың техникалық жағдайының сын көтермейтінін атап өтті.
– Біз комбинаттағы барлық өзгерістерге тікелей куәміз. Кеңес заманынан бері көптеген цехтарда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ал жабдықтар өз мүмкіндігінен әлдеқашан артық жұмыс істеп тұр. Коксхимиялық өндіріс – металлургиядағы негізгі буындардың бірі, оның жаңартылуы – комбинаттың дамуының кепілі, – деді кәсіподақ төрағасы Виктор Щетинин.
Жоба Qarmet компаниясының өндіріс орындарын ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Бұл бағдарлама металлургия және тау-кен өнеркәсібіне арналған жабдықтарды жаңартуды, жұмыс орындарын жөндеуді, сондай-ақ қызметкерлердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін бөлімшелердің техникалық инфрақұрылымын жақсартуды қамтиды.
Qarmet АҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша