«AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ» атты журналистер арасындағы республикалық байқау аяқталды. Облыс намысын қорғаған «Saryarqa aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Оксана Мягких «Аймақ туралы үздік материал» аталымында жеңіске жетіп, мәреден көрінді.
"Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің әлеуетін арттыруға арналған аталған ашық байқау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар, «Адал азамат», жастардың қоғамдағы рөлі, Алаш қозғалысы және тағы басқа негізгі тақырыптарды қамтыды. – Журналистермен дидарласудың өзі мен үшін әрқашан бір ғанибет. Сіздермен бір ауыз сөйлескен жан рухани байып қалады. Журналист – халықтың үні. Ұлттың рухани айнасы. Заман өзгереді, құндылықтар өзгереді делік. Бірақ, кәнігі тілшінің миссиясы ешқашан өзгермейді. Түптеп келгенде, бұл кәсібіне адалдық, сөз киесіне деген риясыз құрмет деп ой тұжырамыз. Ең бастысы, елдік мүддеге деген риясыз қызмет! Арамызда осы саланың Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай ақтанкер ардагерлері қатарымызды толтырып отыр. Сіздер елдің даму бағдарын, Президент реформасынан өріс алған оң өзгерістерді халыққа қалтқысыз жеткізіп келесіздер. Өйткені, сөзі түзу жұрттың өзі де түзу болады. Еселі еңбектеріңіз үшін барлықтарыңызға алғаусыз алғысымды білдіремін. Есік қаққалы тұрған төл мерекелеріңізбен! Шалқар шабыттарыңыз сарқылмасын!", – деді құттықтау сөзінде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
Еске салып өтелік, аталған маңызы жоғары байқау 15 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бүгінге дейін түрлі аталымда республиканың 150-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының майталмандары марапатталды. Биылғы байқауға 200-ге жуық журналист өтінім берген. Он номинация бойынша 1500 жұмыс қабылданған. Оның 30 пайызы су тасқынымен күрес тақырыбын арқау еткен.
Редакция ұжымы мәреден өз ісінің һас майталманы болып оралған, кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте мойындатқан әріптеске шынайы тілектестігін білдіреді. Ақпарат аламанындағы толағай табысыңыздың тайқазаны ортаймасын!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ, Ortalyq.kz