Атыраудағы "Нартайлақ" балабақшасында саусағы жұлынып қалған қыздың ата-анасы арыз жазудан бас тартты. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Atpress.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Болған жағдайдан кейін қыздың әкесі балабақша басшылығының салғырттық танытқанын айтқан еді. Анықталғандай мекеменің басшысы бұл кезде еңбек демалысында, басқа қалада болған. Төрт күннен соң қыздың ата-анасы мен директор кездесіп, келісімге келген. Ал баланың әкесі полицияға жазған арызын кері қайтарыпты.
"Мен директордың басқа қалада болғанын білмедім. Бұл жағдайға назар аудармай отыр деп ойладым. Кеше үйімізге келді, билеттерін көрсетті. Расымен, қалада болмаған екен. Сөйлесіп, сабырға келдік. Қызым барлық тәрбиешілерді жақсы көреді, достарын да сағынды. Сауыққан соң осында оралады. Мұны өзі қалап отыр. "Бұл әткеншекке отырмаймын, басқасымен ойнаймын" дейді. Балабақшаға деген арыз-шағымым жоқ, ақша да алғым келмейді", – деп түсіндірді Ержан Тәженов.
"Нартайлақ" жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы Ания Төлешова мекеменің 2013 жылы ашылып, 2015 жылдан бері мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейтінін айтты. Бүгінде 2-6 жас аралығындағы 124 бала келеді екен.
"Өз кінәмізді мойындаймыз. Қыздарын емдеу үшін ата-анасына барынша көмектесіп келеміз. Бұл жағдай орын алғанда басқа қалада болғанмын. Жедел ұшып келіп, ата-анасымен сөйлестім. Жақында қайта кетемін. Қазір еңбек демалысындамын. Мен болмағанда БАҚ өкілдері келіп, ақпаратты басқаша жеткізген. Маған қоңырау шалғанда келіп барлығын анықтаймын дедім. Жұлынған саусақты әкесі емес, біздің қызметкерлер тауып, ата-анасына берген. Бейне бақылау камерасының жазбаларын қарадық. Видеодан қыздың әткеншек тепкенін, бір сәтте тоқтап қалғанын көруге болады. Саусағы қысылып қалған болуы керек. Сосын секіріп түскен. Қызбен сөйлескенде қалай болғанын еске түсірді", – деп мәлімдеді балабақша басшысы.
Нәтижесінде екі тарап келісімге келген. Әкесі қызының балабақшаға келетінін айтады. Ал мекеме басшылығы емге қажетті барлық шығындарды өтейді. Сонымен қатар ата-анасы балабақша ақысынан босатылмақ, тек тағамның ақысын ғана төлейді.