BANNER

Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі ұсталды

.

Жетекшісі «қаңтар оқиғасына» белсенді қатысқан Арман Жұмагелдиев болып табылатын ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеуге бағытталған іс-шаралар жүріп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды.

ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен негізгі қатысушылары қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттардың қызметтерін қаржыландыра отырып, құқыққа қарсы қызметпен айналысуын жалғастыруда. Одан қалды тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсетіліп жатқаны айтылды.

Полиция қылмыстық топты ұстау үш кезеңде жүргізілгенін алға тартты. Ұсталғандардың арасында айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі, «Нойс» лақап атымен белгілі Нұржан Иманалиев те бар.

«Әзірленген жоспарға сәйкес аталған топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада «Нойс» деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің «оң қолы» басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды. Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды», - делінген мәліметте.

Ал екінші кезеңде криминалдық ортада «Карась» лақап атымен белгілі «Дикий Арманның» тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылған.

25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталды.

«Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген.

12 шілдеде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен бірлесе отырып, операцияның үшінші кезеңін іске асырды. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында «қаңтар оқиғасы» кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурант ұсталды.

 

Полиция мәліметінше, 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленді.

«Осы бағыттағы жедел іс-шаралар жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.