Балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков ақталды

bureau.kz

Жоғарғы сот 2012 жылдан бері жазасын өтеген балқаштық бизнесмен Қуат Сұлтанбековке қатысты істі тоқтатты, деп хабарлайды Life09.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облыстық соты прокурордың Қуат Сұлтанбековке қатысты сот актілерінің күшін жою туралы жаңа ашылған мән-жайлар бойынша өтінішін қараған.

«Прокурор Сұлтанбековтің өтініші бойынша жүргізілген тергеу қорытындылары бойынша алынған дәлелдемелерді ұсынды. Жауап алу және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушілер мен куәгерлердің Сұлтанбековке бұдан бұрын тергеу мен сотта жала жапқаны анықталды. Олар дене жарақаттарын басқа адамдар салғанын көрсетті. Яғни, Сұлтанбеков кінәлі деп танылған айғақтар жалған болып шықты», - делінген хабарламада.

Қуат Сұлтанбековтің адвокаты Юлия Джафарова Tengrinews.kz тілшісімен әңгіме барысында оның қорғалушысы Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторынан босатылғанын хабарлаған.

Еске сала кетейік, Қуат Сұлтанбеков жазасын 10 жылдан астам уақыт өтеді. Ол 2012 жылдың қаңтар айының соңында Қарағанды - Астана тас жолында атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сақтады деген күдікпен ұсталды.