1 наурызда Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Еліміздің қарулы күштеріне Қарағанды облысынан мыңнан астам жас сарбаз шақырылмақ.
Әскерге шақырылушыларға шақыру қағаздарымен және SMS арқылы әскери комиссияларға келуі туралы хабарланады.
– Хабарламаны алған кезде әскерге шақырылушылар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына медициналық комиссиядан өту үшін келуге міндетті. Ол әскерге шақырылушының мерзімді қызметке жарамдылық дәрежесін анықтайды, – деді Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің шақыру басқармасының бастығы Дмитрий Буксман Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Шақыру қағазы болған жағдайда әскери комиссияға келмегені үшін 5 АЕК айыппұл қарастырылған. Ал ұдайы елемегені үшін айыппұл 1000 АЕК немесе ҚР ҚК-нің 387-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ЖОО студенттеріне келетін болсақ, олардың оқып жатқаны туралы анықтаманы үнемі алып жүруінің қажеті жоқ. Оқу орындарының өздері ақпаратты қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерге интеграциялық шлюз арқылы береді.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері брифингте атап өткендей, қазір әскери қызмет өткеру үшін қажетті жағдайлар жасалған, тіпті әскерге шақырылушының немесе оның ата-анасының қандай да бір әскери бөлімшелерде қызмет ету туралы тілегі де ескеріледі.
– Наурызға дейін департамент қызметкерлері әскерге шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп, қызмет өткеру шарттары мен тілектерін талқылады, – деп түсіндірді Дмитрий Буксман. – Бірақ әскерге шақырылушының дене және моральдық-психологиялық жағдайы қандай да бір әскер түрлеріне жіберудің басты өлшемі болып саналады.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған:
- мерзімді қызмет өткерудің барлық уақытына және запасқа шығарылғаннан кейін 60 күнге кредиттік демалыс;
- еліміздің жоғары оқу орындарында ҰБТ тапсырмай-ақ тегін немесе ақылы негізде жоғары білім алу мүмкіндігі;
- экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмыс мамандығы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алу;
- әскерге шақырылушы тұрған отбасы үшін коммуналдық қызметтердің толық құнының 50%-ын төлеу;
- запасқа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі.
Сондай-ақ, әскери қызмет өткеру кезінде В, С1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, мерзімді қызметке 18–27 жас аралығындағы ерлер шақырылады.